Алматы облысы тұрғындарын жылумен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Биыл өңірде тағы 52 блок-модульдік қазандық салынып, 110 көпқабатты тұрғын үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылады».
Бүгінде облыстағы көпқабатты тұрғын үйлердің 65%-ы немесе 1299 үйдің 1986-ы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 95%-ға жеткізу, яғни тағы 1890 үйді жылумен қамтамасыз ету жоспарлануда. Өткен жылмен салыстырғанда өсім 1277 үйді құрады. Бұл көрсеткіштің артуына Еңбекшіқазақ ауданында бес модульдік қазандықтың пайдалануға берілуі оң әсер етті.
Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, өңір тұрғындарын жылумен қамтамасыз ету мақсатында жаңадан 52 блок-модульдік қазандық салынады. Оның ішінде:
- 25 – Еңбекшіқазақ ауданында,
- 19 – Талғар ауданында,
- 8 – Іле ауданында орналасады.
Жоба толықтай жүзеге асқаннан кейін тағы 110 көпқабатты тұрғын үй жылу жүйесіне қосылады.
Қазандықтарды жобалау және салу жұмыстары ең қарқынды түрде Талғар ауданында жүргізілуде. Мәселен, Панфилов ауылы, Момышұлы көшесі бойындағы нысанның жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алған. Құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау үшін облыстық бюджеттен қаржы қарастырылуда. Тиісті өтініш ағымдағы жылдың қазан айында өтетін облыстық бюджет комиссиясының кезекті отырысына жіберіледі. Өтініш мақұлданған жағдайда қаражат бөлу туралы мәслихат шешімін қабылдау қажет болады. Талғар ауданы әкімдігі конкурстық рәсімдерді өткізуге қаржы бөліп, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізетін мердігерді анықтап қойған.
Сонымен қатар, ауданда төрт нысан бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге келісімшартқа қол қойылды. Тағы төрт нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынды. Қалған 11 нысанның жобалық-сметалық құжаттары мемлекеттік сараптамадан өту сатысында. Басқа аудандардағы нысандардың жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу жұмыстары 2024 жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде.
*Алматы облысында 110 үй жылуға қосылады
- Алматы облысында 52 блок-модульдік қазандық салынады
- 2024 жылға дейін Алматы облысындағы көпқабатты үйлердің 95%-ы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылады