Алматы облысында соңғы 11 айдың ішінде 23 мыңға жуық нәресте дүниеге келді. Оның ішінде облыс орталығы Қонаев қаласында 1000-нан астам сәби өмірге қадам басты, деп хабарлайды alataunews.kz.
Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының перзентханасы ерекше қолайлылығымен танылуда. Мұнда босану бөлмелері жеке-жеке жоспарланған және барлық қажетті заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Айрықша жабдықтардың қатарында трансформер төсектері, кардиомониторлар, жылытылатын үстелдер, операциялық шамдар және электронды таразылар бар. Перзентхананың басты ерекшелігі — барлық процедуралардың бір реттік құралдар арқылы жүргізілуінде.
Бірнеше күн бұрын алғашқы перзентін дүниеге әкелген Айнұр есімді жас ана перзентханадағы жағдайдың жоғары деңгейін атап өтті. Оның айтуынша, босану бөлмесінде өзін еркін әрі жайлы сезінген. Жеке қажеттіліктеріне сай киімдер мен гигиеналық құралдарды пайдалануға мүмкіндік болған, сондай-ақ сүйікті әуендерін тыңдауға жағдай жасалған.
Әйелдер кеңесінің акушер-гинекологы Назгүл Елеусізова:
«Біздің перзентханада дәрігерлер табиғи босануды қолдайды. Босану процесінде кез келген медициналық араласу босанушы әйелдің келісімімен ғана жүзеге асырылады. Тәуекел тобына жататын науқастар мен перинаталдық проблемалары бар әйелдерге де жоғары сапалы көмек көрсетеміз. Сонымен қатар, кесар тілігінен кейін табиғи жолмен босану тәжірибесі де бар,» – деді.
Өткен 11 айда Алматы облысында 204 егіз және бір үшем дүниеге келгені де ерекше қуанышты жайт болды.
Алматы облысы денсаулық сақтау саласының бұл жетістіктері өңірдегі медициналық қызмет сапасының артуын дәлелдейді.