Аталған жиында полиция жолдағы құқық бұзушылыққа байланысты статистикамен таныстырды.
«Алматы облысының барлық жолдары Алматы қаласына қарай бағытталған. Бұл өңірден халықаралық маңызы бар екі тас жол өтеді: Алматы-Бішкек және Батыс Еуропа-Батыс Қытай. Сәйкесінше, облыста көлік ағыны жоғары», — деді полиция майоры Руслан Пірімжанов.
Оның ақпаратына сүйенсек, жол апаты жазда көбейеді. Биылғы шомылу маусымында Қонаев пен Алматы қаласының арасында қатынаған күнделікті автокөліктердің саны 10 000-нан асады.
«Жыл басынан бері облыста 919 жол апаты тіркелді, қаза тапқан адамдардың саны – 169, ал 1311 адам түрлі жарақат алған. Осыған қатысты Полиция департаменті «Қауіпсіз жол» шарасын ұйымдастырды», — дейді Руслан Пірімжанов.
Полиция майорының мәліметінше, аталған шара 19 шілде мен 18 тамыз аралығында өтті. Нәтижесінде:
• 16889 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді;
• 359 көлік айыппұл тұрағына қойылды,
• 730 көліктің нөмірі алынған.