Өз сапарында ол G4 city жобасымен танысып, облыстың дамуы белсенді жүріп жатқанын айтты.
G4 city арнайы экономикалық аймағында бірыңғай жіктеуіш қалыптастыру үшін кәсіпкерлерден 100-ден астам ұсыныс түсті.
«Бүгін жоспармен таныстым. Алматы мен Қонаев қалаларының аралығындағы 4 қаланы дамыту жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Министрлікке облыстан экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішін (ЭҚЖЖ) жасауға 100-ден астам ұсыныс түсті. Осы ұсыныстардың ішінде министрліктен қолдау тапқан құрылыс, өндіріс саласы және тағы басқа салада өңірдің дамуына үлес қосумен айналысатын кәсіпкерлер тиісті салықтық жеңілдікке ие болады. G4 city экономикалық аймағына осындай ЭҚЖЖ кіретін болса, онда бұл қалалар инвестор тартуға ыңғайлы болады», — деді министр.
Министрдің мәліметінше, Алматы қаласындағы демографиялық қысымды азайту үшін агломерацияны дамыту да қолға алынады.
«Алматыдан 50 шақырым радиуста жатқан облыс аудандары агломерацияға кіретіні мәлім. Қаладағы демографиялық қысымды азайту үшін агломерацияны дамытуымыз қажет. Осы мақсатта қажетті шаралар қолға алынады. Министрлік Алматы облысы және Қонаев қаласының әкімдігімен бірлескен жұмыстар атқарады. Жалпы өңірдің экономикалық әлеуеті өте жоғары. Қазіргі таңда Алматы облысы бюджеттің рецепиенті болып отыр. Яғни, бұл жерге үкіметтен ақша бөлінеді. Болашақта облыс бюджеттің донорына айналуы мүмкін», — деді Әлібек Қуантыров.