Министрліктен мәлімдегендей, қазір Алматы облысындағы дизель отынының қоры 11 мың тоннадан асады. Жанармай құю станцияларының (ЖҚС) дерегінше, бүгінде бар дизель көлемі қажеттілікті жабу үшін жеткілікті.
Алайда, ЖҚС желілерінің ақпараты бойынша бүгін дизель отынына деген сұраныс 30% астам мөлшерге артқан. Салдарынан кейбір жанармай құю бекеттерінде отынның тәуліктік көлемі тез таусылған.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, өңірге дизельдің қосымша көлемі жөнелтіледі.
«Сондықтан желілер басшылығы отынды көп тұтынатын аудандарға тиеп-жөнелтуді арттыру туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар Атырау мұнай өңдеу зауыты және Павлодар мұнай-химия зауытынан 5 000 тонна отын жөнелтілді. «Қазақстан теміржолы компаниясы» уақтылы тасымалдауды қамтамасыз етеді», — делінген министрліктің сайтында жарияланған хабарламада.
Бұған дейін Шымкент мұнай өңдеу зауыты жөндеу жұмыстарына байланысты жабылған еді. Дегенмен ол жұмысын қайта бастады. Аталған зауытта өңделген мұнай өнімдерінің алғашқы легі демалыс күндері жөнелтіледі.
«Бұл ретте Алматы облысын қоса алғанда, оңтүстік өңірлерге бірінші кезекте жөнелту қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ Алматы облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне қосымша 3 мың тонна дизель отыны бөлінетін болады», — деп мәлім етті ведомстводан.
Айта кетейік, кеше әлеуметтік желіде жүк көліктерінің жүргізушілері Алматы облысындағы дизель тапшылығына наразылық білдіріп, жолды бөгеп тастағаны туралы видео тарады.