Алматы облысының әкімі өңірге инвестиция тарту мақсатында Қытайдың ірі компанияларының басшыларымен кездесті, деп хабарлайды alataunews.kz.
Кездесудің басты нәтижесі ретінде «БЕНТ» ЖШС мен қытайлық Shandong By New Material CO., LTD компаниясы арасында ынтымақтастық туралы маңызды меморандумға қол қойылды. Бұл келісім екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтып, өңірдің өнеркәсіптік дамуына жаңа серпін береді.
«БЕНТ» ЖШС Қазақстандағы темірбетон шпалдары мен рельс бекіткіштерін өндіру саласындағы көшбасшы ретінде белгілі. Қытайлық серіктестермен жасалған келісім, әсіресе құрылыс саласында инновациялық технологияларды енгізуге бағытталып, өңірде сұйық бетон өндіру бойынша бірлескен кәсіпорын құруды көздейді. Бұл бірегей материалдың құрылыс және инфрақұрылымдық жобалар үшін тиімді шешім болатыны айтылды.
Shandong By New Material CO., LTD өкілдері де ұзақ мерзімді серіктестікке және қазақстандық нарыққа инвестиция салуға мүдделі екендерін білдірді. Компанияның айтуынша, Алматы облысы өзінің географиялық артықшылықтары мен қолайлы инвестициялық климатымен қызығушылық туғызады.
Ынтымақтастық туралы меморандум екі ел арасындағы экономикалық серіктестікті күшейтіп, өңірде жаңа өнеркәсіптік және құрылыс жобаларын жүзеге асыруға жол ашпақ.