«KazEnergoTrade» ЖШС-нің құрылтайшысы Ұлан Үмбетовтың айтуынша, жоба қолдау тапқан жағдайда тек Алматы облысын ғана емес, оның маңындағы өңірлерді де арзан энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік болады.
«Біз энергия өндіру мақсатында газды көтерме бағамен алатын болғандықтан, заңды тұлғаларға тарифті 40%-ға дейін арзандатуға мүмкіндігіміз бар. Бұл өз кезегінде өңірдегі кәсіпорындардың дамуына ықпал ететіні сөзсіз», — дейді Ұлан Үмбетов.
Мекеме басшының айтуынша, арзан электрэнергияның игілігін жергілікті тұрғындар да көре алады.
Осы уақытта «KazEnergoTrade» ЖШС-нің 50 МВт электрэнергиясын өндіруге жеткілікті газ тартуға қажетті барлық техникалық жағдайы бар. Болашақта станция өңірді 250 MBт электр және жылу энергиясымен қамтуға қауқарлы. Qonaev Quat ГТЭС Іле ауданындағы Жаңа арқа ауылында салынбақ. Жалпы инвестициялық құны жеткізілетін табиғи газ бен өндіретін энергия қуатының көлеміне байланысты 50-ден 150 млн АҚШ долларына дейін құрайды. Өңірде электрстанциясын салу мәселесі 2017 жылдан бері қарастырылып келеді. Жобаның нақты жүзеге асатын уақыты газбен қамту мәселесі шешілгеннен кейін белгілі болады.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев өңірдегі энергия тапшылығына байланысты мұндай станцияның қажет екенін атап өтіп, жауапты органдарға жобаны әбден пысықтауды тапсырды.
Айта кетейік, Энергетика министрлігінің болжамы бойынша, 2022 жылы Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы 4,6 млрд кВт/сағ құрауы мүмкін. Ведомствоның мәліметінше, оған елде электрэнергиясын тұтыну күрт өсуі және отандық энергия көздері жабдықтары әбден тозуына байланысты апатты жағдайлар жиілеуі себеп.