– «Біздің жұмыс үнемі қозғалыста. Күн-түн, жаз-қысы жоқ – табиғатпен тығыз байланыста болғандықтан, рейдтер жиі ұйымдастырылады. Жыл басынан бері 40-қа жуық рейд өткіздік. Соның нәтижесінде 20-ға жуық құқық бұзушылық анықталып, бір іс сотқа дейін жетті», – дейді Айдархан Мырзалы.
Маманның айтуынша, заң бұзушылықтар көбіне балық аулау ережелерін сақтамаудан, рұқсат қағаздарының болмауынан, ау құралдарында белгі болмауынан туындайды. Инспекцияның басты мақсаты – балық қорын сақтау, қорғау және көбейту.
Балқаш көлінде сирек кездесетін, Қызыл кітапқа енген бекіре, балқаш алабұғасы және мұртты балық (усач) мекендейді. Айдархан Мырзалы бұл балықтарды қорғау – үлкен жауапкершілік екенін айтады.
– «Егер бұл балықтар балықшылардың ауына түсіп қалса, оларды тірідей қайта суға жіберу керек. Ал кәсіптік балықшылар болса, арнайы журналға тіркеуі қажет», – дейді ол.
Айта кетейік, Айдархан Мырзалы еңбек жолын балық аулау колхозында бастаған. Кейін табиғатты қорғауға ниет білдіріп, 1999 жылы қазіргі қызметіне келген. Оның айтуынша, әкесі де осы салада еңбек еткен – Балқаш, Қарағанды, Марал өңірлерінде балық қабылдау пунктінде жұмыс істеген.
– «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген сөз бекер емес. Ата-бабаларымыз Арал өңірінде туып өсіп сол теңізде қызмет еткен соң, бұл кәсіп бізге жақын, – дейді инспектор.
Инспекция қызметі бүгінде кадр тапшылығын да сезініп отыр. Мысалы, Төменгі Іле бөлімінде 25 балық аулау мекемесі тіркелген, оларды бақылау, тексеру міндеті осы бөлімнің құзырында. Қызметкерлердің саны шектеулі болғандықтан, әр аумаққа бірдей үлгеру қиынға соғады. Дегенмен, инспекция қызметкерлері әрбір заңбұзушылыққа дер кезінде жауап беруге тырысады.
Айдархан Мырзалының біліктілігі мен тәжірибесі жастарға үлгі. Инспекцияның жас маманы Алмат Асхатұлы ағаның тәлімгерлік қырын ерекше атап өтті.
– Бұл салада жүргеніме екі жыл болды. Айдархан ағадан көп нәрсе үйрендім. Ол тек тәжірибелі маман ғана емес, сонымен қатар адамгершілігі мол, ақыл-кеңесін аямайтын кісі. Заң бұзушылармен қарым-қатынас кезінде де сабырлы әрі кәсіби түрде әрекет ету жолын көрсетіп отырады, – дейді ол.
Айдархан Мырзалы – табиғатты қорғау жолындағы нағыз еңбек адамы. Оның еселі еңбегі – еліміздің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосылған үлес. Бүгінгі қоғамға керек еңбек адамының бейнесі. Табиғатты шын жүректен сүйетін, ұрпаққа таза қоршаған орта қалдыру үшін күресіп жүрген жан. Оның еңбегі – судың әр тамшысында, көлдің әр тынысында көрініс табады.







