Ел ішіндегі еңселі шаралардың біріне айналған бұл мереке көшпенділер мәдениетін жаңғыртып, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі болмысын насихаттауға арналды.
Ұлттық мерекенің басты мақсаты – ауыл еңбеккерлерінің еңбегін бағалау, ұрпаққа үлгі ету және салт-дәстүрімізді дәріптеу. Киіз үйлер тігіліп, ұлттық тағамдар ұсынылып, қазақтың төл өнері мен тұрмыстық мәдениеті кеңінен таныстырылды. Мерекенің мазмұнын байыта түскен көріністер қатарында қыз қуу, көкпар, қазақша күрес, теңге ілу, аударыспақ сынды ұлттық ойындар ойнатылып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Тойдың салтанатты ашылуы аудан өнерпаздарының қатысуымен өткен үлкен концертпен басталды. Шара барысында келген қонақтарға қазақ халқының қонақжайлық дәстүрі көрсетіліп, әр ауылдан тігілген киіз үйлер мерекенің көркін аша түсті.
Айта кетерлігі, мереке аясында шопандар, ветеринария қызметкерлері және су шаруашылығы мамандарының кәсіби мерекелері қатар аталып өтіп, осы салаларда көп жылдық тәжірибесі бар еңбек адамдарына арнайы марапаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елесізова шараның мән-маңызына тоқталып, былай деді:
«Бүгін ауданымызда шопандар тойы екінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл мерекені қайта жаңғырту арқылы біз Мемлекет басшысының Еңбек адамы жылын жариялау бастамасын қолдап отырмыз. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің өңір экономикасындағы маңызды рөлін көрсетуді көздедік. Биылғы мерекеге халықтың белсенді қатысуы – бұл шараның халыққа керек, өміршең жоба екенін айғақтайды», – деді аудан басшысы.
Шопандар тойы – халқымыздың ең қастерлі құндылықтарының бірі саналатын еңбекке, мал шаруашылығына, ата кәсіпке деген зор құрметтің көрінісі. Мұндай мерекелер ұлттың рухани болмысын жаңғыртып қана қоймай, ұрпақтың санасына елжандылық пен еңбекқорлықты сіңіреді.
⠀
Шалкөденің төрінде өткен бұл салтанатты той – салт-дәстүріміздің, ұлттық өнеріміздің және еңбек адамын ұлықтаудың шынайы үлгісі болды.









