Алдымен қалалық алаңға жиылған жұртшылық көрісу рәсімін тамашалап, сауық-сайран құрды. Өнерпаздар жырдан шашу шашып, бишілер бұрала би биледі.
Қазақилықтың иісі аңқыған шара сал-серілердің көшіне ұласты. Мәдениет саласының қызметкерлері «Шарапат» әлеуметтік көмек көрсету орталығына барып, қарттарды мерекесімен құттықтады. Кейін ірі сауда орталықтарына, базарларға ат басын бұрып, халыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Ал ертең шаһардағы бірнеше мекеме мен ауылдық округтерде «Бауырсақ party» өтеді. Сондай-ақ мереке аясында 16 наурыз күні табиғатты аялап, оған қамқор болу мақсатында жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылмақ.