Алматы облысы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында өңірдегі цифрландыру жобалары мен Alatau Hub аймақтық технопаркінің маңызы талқыланды. Цифрлық технологиялар басқармасының өкілдері білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік деңгейін арттыру және басқа да цифрлық жобалар туралы баяндады, деп хабарлайды alataunews.kz.
Цифрландыру және ақпараттық қауіпсіздік бөлімінің бас маманы Димаш Шапатайдың мәлімдеуінше, Қонаев қаласындағы білім беру мекемелерінің қауіпсіздігіне ерекше назар аударылып отыр. Қаладағы 17 мектепке GSM жүйесіне негізделген арнайы қауіпсіздік хабарландыру жүйесі орнатылған. Бұл жүйе төтенше жағдайлар кезінде автоматты түрде 109 қызметіне және жедел жәрдемге хабарлама жібереді. Мұндай жаңашылдық мектептерде қауіпсіздік деңгейін арттырып, шұғыл қызметтердің жедел әрекет етуін қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, Қонаев қаласында тұрмыстық қалдықтарды басқару процесі де цифрлық шешімдер арқылы жетілдірілуде. Қаладағы 99 қоқыс орнына QR-кодтар орнатылып, тұрғындар осы кодтарды сканерлеу арқылы қоқыс шығару мәселелері бойынша жедел хабарлама жібере алады.
Қазіргі уақытта Smart Qonaev мобильді қосымшасы қолданысқа берілді. Бұл қосымша арқылы қала тұрғындары маңызды жаңалықтар мен шаралар туралы ақпарат алып, әкімнің жеке қабылдауына электронды түрде жазыла алады. Осылайша, цифрлық технологиялар қала тұрғындарының өмірін жеңілдетуге бағытталып отыр.
Аймақтағы инновациялық экожүйенің дамуына ықпал ететін Alatau Hub аймақтық технопаркі де өз жұмысын жалғастыруда. Аймақтық менеджер Бексұлтан Нұрақынның айтуынша, бұл орталық IT саласындағы мамандар, стартаптар және инвесторлар үшін маңызды алаңға айналып, өңірде жаңа технологиялар мен жобалардың дамуына ықпал етіп келеді.
“Alatau Hub-тың мақсаты – өңірде мықты IT-қоғамдастық қалыптастыру. Қысқа мерзім ішінде біз 19-дан астам іс-шара ұйымдастырып, оған 400-ден астам адам қатысты. Жақында біздің хабқа Arbuz.kz, 1fit, PCA Group, Jusan сияқты жетекші компаниялардың өкілдері келді”, – деп мәлімдеді Бексұлтан Нұрақын.
Цифрлық технологиялардың дамуы мен қауіпсіздіктің жоғары деңгейде қамтамасыз етілуі Қонаев қаласы тұрғындарына заманауи және қолайлы өмір сүру жағдайларын ұсынады.