«Toimart» желісінің өкілі Шенгелдіден пияз жеткізу туралы келісімге қол қойғанын хабарлады.
Мәлімет бойынша, 2023 жылы Қазақстанда 1,1 млн тонна пияз жиналған. Соңғы бес жылда пияз өнімінің +23%-ға немесе 211,8 мың тоннаға артуы байқалған.
Сауда комитетінің мәліметінше, қазір бөлшек саудадағы пияздың орташа бағасы 99 теңге.
«Алтын Орда» базарындағы пияздың көтерме бағасы сапасына қарай 30-50 теңге шамасында. Сауда желілерінде 58 бен 140 теңгег аралығында сатылып жатыр.
«Өткен жылдың желтоқсанда Ауғанстан мен Пәкістаннан келген кәсіпкерлер Жамбыл және Алматы облыстарының фермерлеріне келісіне 80 теңге ұсынған болатын. Алайда фермерлер бұл ұсыныстан бас тартып, бағаның өсімін күтті. Қаңтарда Қонаевта Алматы облысының Шеңгелді кентінің пияз өндірушілерімен кездесу өтіп, онда ауған кәсіпкерлері көп көлемдегі пиязды 40 теңгеден сатып алуды ұсынды. Кейін тараптар баға бойынша келіспеді. Фермерлерге өнімді өткізу үшін «Алтын Орда» базарында 100 тегін орын ұсынылды. Енді Жамбыл және Алматы өңірлерінің фермерлерінің қолындағы қомақты пиязды ескеріп, еліміздің 4 сауда желісі пиязды тікелей өндірушілерден сатып алады», — делінген хабарламада.
Жамбыл және Алматы облыстарының фермерлерінің пияз экспортына арналған жасыл дәлізі
фермерлерге өнімді ішкі және сыртқы нарықтарда сатуға жәрдемдесу мақсатында жедел жұмыс істеп жатыр, оның құрамына QazTrade, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР СИМ Сауда комитеті, ҚР КМ Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті, ҚР АШМ АӨК Мемлекеттік инспекция комитеті, Жамбыл облысының әкімдігі кірді.
Жұмыс тобының міндеті — пиязды сатуда және фитосанитариялық сертификаттар мен басқа да рұқсат құжаттарын жедел беруде пияз өсірушілерге көмек көрсету. Бұдан басқа, Қазақстан мен Өзбекстан шекарасын өткізу пункттерінде пиязды үздіксіз экспорттау үшін жасыл дәліз жұмыс істейді.
Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы басқармасы 2024 жылдың 20 наурызынан бастап қазақстандық ауыл шаруашылығы өндірушілері экспортқа шамамен 23 мың тонна пияз жібергенін айтады.
Тағы да 5 мың тоннаны жөнелту үшін рұқсат алу құжаты әзірленіп жатыр. Қазақстандық көкөніске Өзбекстан мен Тәжікстаннан сатып алушылар қызығушылық танытып отыр. Қазір тараптар қазақстандық кәсіпорындармен жеткізілімді ескере отырып, әлеуетті мәміленің барлық қатысушыларын қанағаттандыратын пияздың бағасы туралы келіссөздер жүргізуде.
Сондай-ақ, экспорттаушылар Грузия мен Италияға пияз жеткізу туралы келісімдерді пысықтап жатыр. Осыған байланысты, ҚР КМ Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті қазақстандық тасымалдаушыларға пияз партияларын шетелге жөнелту үшін «рұқсат беру» (тамақ өнімдерінің қауіпсіздігінің экологиялық сыныбын растау) мәселесін шешуге көмектеседі.
Пиязды тасымалдауға кететін уақыт шығынын азайту мақсатында ҚР АШМ Мемлекеттік инспекция комитеті шекарада карантинге жатқызылған өнімді жедел тексеру бойынша тәулік бойы бекеттер ұйымдастыру туралы шешім қабылдады.