Қалалық көпсалалы ауруханаға 29 жастағы ер адам ес-түссіз күйде түскен. Компьютерлік томографиядан өткізіліп, қажетті талдаулар жүргізілгеннен кейін науқаста қанды ісік анықталған. Дәрігерлер бірден ота үстеліне әкеліп, сүйекті сақтай отыра ісіктің көзін жойған. Абырой болғанда, зардап шеккен азамат дәрігерлердің көмегімен аман қалды. Күрделі отадан кейін келесі күні есін жиған. Медицина мамандарының айтуынша, науқасқа екі апта бойы оңалту шаралары жүргізіліп, аяқтан тік тұрған.
«Біздің ауруханада мұндай науқастарды емдеуге барлық жағдай жасалған. Өйткені, емханада компьютерлік томография, МРТ бар. Барлық медициналық көмек науқастар үшін Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен тегін жүргізіледі. Былтыр жаңа заманауи құрылғылар сатып алынды. Микроскоп, арнайы бұрғылау құралдары әкелінді. Мұнымен қоса, нейрохирургиялық бағытта емдеуді қажет ететін науқастар МӘМС аясында квотаға ие болу арқылы өзге ірі ауруханаларға жіберіледі. Ота үшін жолдаманы 2 апта ғана күтеді», — дейді Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының дәрігер-нейрохирургі Марат Гизатуллин.
Ақ халатты абзал жандардың айтуынша, бүгінде отадан өткен науқаста неврологиялық жетіспеушілік жоқ. Айта кетерлігі, көлік апатынан аман қалған тұрғынға қажетті медициналық көмек МӘМС есебінен тегін көрсетілді. Жалпы, күніне Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасына жол апатынан зардап шеккен 10-ға тарта науқас түседі. Нейрохирург-дәрігер Марат Римовичтің сөзінше, травматология және нейрохирургиялық бөлімге бас, арқа, омыртқа жарақаттарымен келетін науқастардың 100-ге жуығы пышаққа түседі. Олардың тең жартысына ота бас сүйегіне жасалады, — дейді дәрігер.