Оған «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының өкілдері, Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары, мәдениет саласының қызметкерлері мен ҚР Жазушылар одағының төрағасы қатысты. Барысында сөз алған Нұрлан Ерғалиұлы ұйымдастырушыларға алғыс айтып, өңір басшысы Марат Сұлтанғазиевтің жылы лебізін жеткізді.
«Екі елдің арасында мәдени ынтымақтастықты дамыту мақсатында «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымымен бірлескен жұмыс жоспары жасалған.
Аясында қазақ әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде атап өтілуі осының айқын көрінісі. Аталмыш ұйымның қолдауымен маңызды халықаралық жоба қолға алынып отыр. Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтіп келмейді» романының жазылғанына 40 жыл толуына байланысты, осы тамаша туынды түрік тіліне аударылылды. Осы іспеттес игі шаралардың басынан табылған әрбір азаматқа алғыс білдіремін!», — деді Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым.
Мерейтой аясында халқымыздың руханиятына өшпес мұра қалдырған жазушының жеке заттары, кітаптары және экспонаттар қойылған көшпелі көрме ұйымдастырылды. Яғни, Кеген аудандық тарихи-өлкетану музейінің негізгі қорында сақталған Бердібек Соқпақбаевтың қолшатыры, сағаты, отбасылық суреттері және т.б заттары көпшілік назарына ұсынылды.
Қаламгердің 100 жылдығына арналған шара «Ақжауын» камералық оркестрінің концертімен жалғасты. Сахна төрінде ҚР Мәдениет саласының үздіктері: Бибігүл Қилымхан, Жігер Бертісов, Гүлнұр Сарғызова және Халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаттары өнер көрсетті.
Концертте Секен Тұрысбек, Құрманғазы, Мүкей, Сүгір, Жантөре, Нұрғиса Тілендиев сынды қазақ композиторларының туындыларымен қатар Түрік елінің әуендері де орындалды.