Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, трансшекаралық Іле өзенінен көлге су жіберу іс-шаралары жалғасып жатыр.
«Бұған дейін су деңгейі 15 см-ге артып, 1 сәуірде 174 см-ге жеткен. Бүгінде бұл көрсеткіш 182 см-ге көтерілді. Осылайша, жыл басынан бері Балқаштағы су деңгейі 23 см-ге көтерілді», — деп жазылған хабарламада.
Балқаш көліндегі су деңгейін анықтау үшін 4 гидробекетте, соның ішінде Сарышаған, Қарақұм, Балқаш, Мыңаралда бақылау жүргізіледі.
«Батыс Қазақстан облысының Қамыс-Самар көлдеріне 80 млн текше метр су барды. Каспий теңізіне тағы 200 млн текше метр су жіберілді. Ұлытау облысынан Қызылорда облысының ауылшаруашылық алқаптарына су жіберу жалғасып жатыр», — деді Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.