Аталмыш шараға Қазақстан, Грузия, Россия, Литва, Беларусь мемлекеттерінің өнерпаздары қатысты. Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы қазақ елінің абыройын арқалап, жүлделі болып қайтты.
Бірнеше күнге жалғасқан фестивальде «Сазген» фольклорлы-этнографиялық ансамбльі, «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамбльі, домбырашылар мен жеке дауыстағы әншілер көрермен көзайымына айналып, ұлт мәдениетін ұлықтады. Өнерпаздар түрлі номинация бойынша 4 жүлделі орын алды.
«Фестиваль аясында алғашқы күні жеке концерт қойдық. Одан кейін конкурсқа қатыстық. Бұл байқауға бір ай дайындалдық. Көпшілік өнерімізді жоғары бағалап, трио номинациясы бойынша жүлделі 1-орын иелендік. Өте қуаныштымыз, ұйымдастырушыларға ұжымның атынан алғыс айтамыз», — деді «Сазген» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің концертмейстері Бейбіт Темірхан.
Айта кетейік, аталмыш шара дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Биыл фестивальде 120-ға жуық әртіс өнер көрсетті.