Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа, оның ішінде интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы аясында Алматы облысы полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасы жыл басынан бері айтарлықтай жетістіктерге жетті, деп хабарлайды alataunews.kz.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында әртүрлі сипаттағы 46 қылмыстық іске қатысы бар 74 күдікті анықталды. Осы жұмыстардың нәтижесінде 117 қылмыстық іс аяқталып, сотқа жолданды, бұл интернет-қылмыскерлермен күреске деген тұрақты және байыпты көзқарасты көрсетеді.
Алматы облысы ПД КПБ бастығының орынбасары Нұржан Кеңесханұлы мәлімдеді: «Операция барысында ақша қаражаттарының заңсыз айналымымен айналысқан 62 тұлға ұсталды. Киберкеңістіктің тұрақты мониторингі нәтижесінде алаяқтық әрекеттер жүзеге асырылған 177 жалған интернет-сайттарды бұғаттауға мүмкіндік туды. Сондай-ақ, киберқылмысқа күдікті 56 адамның шоттары жабылып, зардап шеккендерге 36 миллион 462 мың теңге сомадағы ақшалай қаражат қайтарылды».
Криминалдық полиция басқармасы интернет-алаяқтық саласындағы қылмыстардың алдын алу және ашу бойынша белсенді жұмыстарын жалғастыруда. Облыс тұрғындары мен қонақтарына онлайн-сатып алулар мен қаржылық операцияларды жүзеге асыру кезінде қырағылық танытуға, күдікті әрекеттер байқалса, дереу құқық қорғау органдарына хабарласуға кеңес берілді.
Бұл шаралар Алматы облысында интернеттегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болып табылады және қылмыспен күрестегі тиімділіктің жоғарылауын көрсетеді.