Алматы облысының жедел жәрдем қызметкерлері клиникалық өлімге ұшыраған әжейдің жанын сақтап қалды. Талғар ауданындағы 17/20 бригадасы шақыртуға 10 минутта жеткенімен, науқастың ес-түссіз жатқанын көріп, бірден медициналық көмек көрсетуге ұмтылған.
«78 жастағы әжей есінен танып құлапты. Мен келсем науқастың ұлы анасының өкпесін басып, жүрек массажын жасап жатыр екен. Тамырдың соғуын ұйқы артериясынан ұстап қарасам соқпай тұр. Дереу хаттама бойынша алғашқы көмек көрсетуге кірістім», — дейді 17/20 бригадасының фельдшері Жанар Кенжебекова.
Тиісті шаралардың арқасында 80-ге таяп қалған әжей көп ұзамай көзін ашып, өзі демала бастаған. Осылайша, қосымша тағы 17/6 бригадасы шақырылып, олар науқасты Талғар орталық аудандық ауруханасына жеткізді.