Оның айтуынша, сарқынды суларды пайдалану әдістемесін тез арада жүйелі түрде әзірлеу керек.
Қазір су қоймасының суын егістік жерлерді суаруға қолдану туралы мәселе қаралып жатыр.
Айта кетейік, Алматыдағы ағынды сулар сонау өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында Сорбұлақ қоймасына жіберілген. Сорбұлақ бір миллиард текше метр ағынды суды максималды 622 метр биіктікке дейін қабылдай алады. Су деңгейі 1995 жылдың сәуірінде 621 метр биіктікпен критикалық деңгейге жеткен. Ал бүгінгі мониторинг бойынша 618 метр, су көлемі 744 миллион текше метрді құрап отыр. Бұл көп, бірақ дабыл қағуға себеп жоқ. Облыс әкімдігі қоймалық көлдерді нығайтуға, қолда бар су көлемін ауыл шаруашылығына пайдалану үшін барынша күш салуда.
Өңір басшысы барған екінші нысан – Күрті су қоймасы.
«Біз негізгі су тасқынынан өттік. Су қоймасы жақсы толтырылған. Қазіргі уақытта барлық нысандарға көп факторлы сараптама жүргізілуде, ол негізгі құрылымдардың жағдайын көрсетуі керек. Дегенмен, алаңдауға негіз жоқ. Су қоймасы тасты жерде орналасқан, бөгеттің қатайтылған негізі судың толып кетуін қоспағанда, кез келген су қысымына төтеп беруге мүмкіндік береді. Мұндағы негізгі проблема магистральдық каналдардың жағдайының нашарлығы . Судың 60 пайызы жол бойында, тасымалдау кезінде жоғалады. 70 шақырымдық каналдардың 49-ы жер бетімен өтеді, яғни бұл табиғи ресурстың аз бөлігі ғана ауыл шаруашылықтарына жетеді », — дейді Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы филиалының директоры Мейрам Арыстанов.
Марат Сұлтанғазиев Күрті су қоймасын пайдалана отырып, суармалы жер көлемін екі есеге арттыру ең маңызды мақсат екенін айтты. Дегенмен, бұл көрсеткіштерге қол жеткізу үшін қолданыстағы арналардың негізін толығымен бетонға айналдыру қажет.
«Көріп отырғанымыздай, келіп жатқан суды пайдалану мәселесі өткір болып тұр. Бұл мәселелердің барлығы шұғыл шешімді қажет етеді. Оларды республикалық деңгейде қайта көтеруге тырысамыз және мүмкіндігінше қаржыландыру көздерін пысықтаймыз. Суды ұқыпты пайдалану, каналдарды ретке келтіру, бетондау ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне әкеледі, бұл аймақтағы суармалы жер көлемінің ұлғаюына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, еліміздің өркендеуіне ықпал етеді», — деді өңір басшысы.