Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті тұрғындардың құқықтарын қорғауға және сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге ерекше назар аударады.
Департаментке келіп түскен шағымдарды қарау барысында жер қатынастары саласында қызмет алушының құқығы бұзылғаны анықталды. Атап айтқанда, азамат ауылдық округ әкіміне «Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру» мемлекеттік қызметін алу үшін өтініш берген. Алайда аудандық сәулет және қалақұрылысы бөлімі жер телімінің жол аумағына түсіп тұрғанын алға тартып, қызмет көрсетуден негізсіз бас тартқан.
Шағымды қарау нәтижесінде Департамент мамандары ауылдың бас жоспарын зерделеп, жер учаскесінің жеке тұрғын үй құрылысына арналған аумақта орналасқанын анықтады. Осылайша, оның нысаналы мақсатын «шаруа қожалығын жүргізуден» — «өзіндік қосалқы шаруашылық» үшін өзгертуге толық мүмкіндік бар екені дәлелденді.
Нәтижесінде, азаматтың өтінішін қанағаттандырудан негізсіз бас тартқан лауазымды тұлға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 465-бабының 2-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды. Ал қызмет алушының жер учаскесінің нысаналы мақсаты өзгертіліп, оның құқығы толығымен қалпына келтірілді.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Алматы облысы бойынша департаментінің бас маманы
Гүлназ Құлмұханбетова






