Телеарна мәліметінше, Жамбыл ауданындағы ауылдардың бірінде сібір жарасынан өлген мал көмілген жер маңында 75 орындық балабақша, тұрғын үйлер орналасқан.
Ауыл тұрғындары Алматы облысында 87 осындай қорым барын, оларға ауру жануарлар немесе басқа инфекция тасымалдаушылар өлексесі көмілетінін, олардың кез келгені инфекция көзі бола алатынын, сондықтан оларды елді мекендерден алыстату керек екенін талап етіп отыр.
«Әне, балалар жүр, қараңыздар. Дәл осы жерде жүрген балаларды талай рет көрдім. Олардың инфекция жұқтырмайтынына, жаппай тарамайтынына кепілдік қайда? Балалар біздің болашағымыз. Жақын жерде балабақша да бар. Санитарлық шаралар бұзылған, арақашықтық 1000 метр болуы керек, ол жоқ», — деп ашуланды ауыл тұрғыны Жадыра Жаңабаева.
Сібір жарасының бактериялары, сарапшылар пікірінше, адамдар мен жануарлар денсаулығына қауіп төндіре отырып, ондаған жыл бойы өмір сүре алады. Ауыл тұрғындары мұндай қауіпті дерттің ошағы неге дәл осы ауылдың ортасында орналасқанын түсінбейді.
«Бұл жерде бұрын сібір жарасына шалдыққан адамның жеке заттары мен керек-жарақтары сақталған қойма болған. Тиісінше, барлық зат өртеліп, дезинфекцияланып, осында көмілген. Ережеге сәйкес іс-қимыл тәртібі осындай», — деп түсіндірді Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ақниет Тұматаев.
Жергілікті билік аурудың ықтимал ошағын жою мүмкін емес екенін айтты. Өйткені жұқтыру қаупі бар. Жерде де сібір жарасы 50 жылдан аса сақталуы мүмкін.