Жаңа сайланған Шелек, Түрген ауылдық округтерінің әкімдері өңір активіне таныстырылып, жергілікті тұрғындар олардың жұмысына сәттілік тіледі.
Еңбекшіқазақ ауданының Шелек, Түрген ауылдық округтерінде әкім сайлауына жергілікті тұрғындар белсене қатысып, өз таңдауларын жасады. Нәтижесінде 73,76 пайыз дауыс жинаған Айдар Дәуітқұлов Шелек ауылдық округінің әкімі болды. Сондай-ақ, округ тұрғындарының 59,91 пайыз дауысын жинаған Мақсат Демесінов Түрген ауылдық округінің әкімі қызметіне кірісті.
Елдімекен жұртшылығына сайлаудың қорытындысын жариялаған Еңбекшіқазақ аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Ержан Әмірденов жаңа әкімдердің қызметтік куәліктерін табыстады.
Аудандық мәслихат төрағасы Бекет Ахметов, аудан әкімінің міндетін атқарушы Ертай Нұрмаханов еліміздің тарихи жаңғыру кезеңінде өз міндетіне кіріскелі отырған округ әкімдерінің атқарар міндетінің жауаптылығын, олар қашанда жергілікті жұртшылықпен кеңесе отырып келелі іс атқару керектігін айтты. Ауыл ақсақалдары ақ бата беріп, жаңа сайланған елдімекен басшыларының жұмысына сәттілік тіледі. Өз кезегінде жаңа сайланған округ әкімдері өздеріне үміт артқан тұрғындардың сенімінен шығатынын айтып, ауыл өркендеуі жолында аянбай тер төгетіндерін жеткізді.