«Кеше қызымды неврапотологқа қарату үшін емханаға келдім. Регистратураға «бүгін жоқ ертең келіңіз» деді. Бүгін келсем больничныйға шығып кетіпті. Регистратураға неге айтпадыңыздар кеше десем, «ауырып қалатынын білмедік» дейді. Ал қызым сабақтан қалды. Жалпы дәрігерлер дұрыс қабылдамайды», — дейді Ұзынағаш ауылының тұрғыны Бағиза Қалиолла.
Тұрғындар медицина мекемесінің жылдар бойғы жыры осы дейді.
«Өмір бойы осы проблема. Міне қаншама адам отырмыз. Басқа жаққа барсаң ондай проблема жоқ. Кезегі былай тұрсын дұрыс жауап бермейді. Біресе анда, біресе мында жұмсайды», — дейді Гүлнар Нұржанова.
Ауыл тұрғындары дәрігерлер дұрыс емдемейді деп те шағымданды. Ауылда 87 дәрігер қызмет көрсетеді. Тәжірибелі 1 дәрігердің жүктемесі 1770 адам. Демек, кадр бойынша да анау дейтін проблема жоқ. Аудандық аурухана мен емхананың бас дәрігері Дамир Сұраужанов мамандарда да, қызметте де еш мәселе жоқ дегенді айтады.
«Емделушілер тарапынан дәрігерлердің қызметі мен пациенттердің диагнозын анықтау бойынша шағым түскен жоқ. Пациенттің денсаулығына қатысты қорытынды клиникалық диагнозды аудандық аурухана дәрігерлері жасалған келісім шарт негізінде облыстық аурухана дәрігерлерімен (эпилептолог, пульмонолог, оториноларинголог, ангиохирург, кардиолог, аллерголог, невропатолог, ревматолог, офтальмолог, нейрохирург, уролог, генетик, нефролог, гастроэнтеролог, гематолог) кеңесе отырып анықтайды», — дейді Ұзынағаш ауылының бас дәрігері Дамир Сұраужанов.
Оның айтуынша, дәрігерлері үнемі біліктіліктерін арттыру үшін тренингтерге қатысып тұрады. Ауруханада пациенттерге қолдау көрсету және ішкі бақылау қызметі де бар көрінеді. Ал әлеуметтік желілердегі тұрғындар наразылығы туралы хабарсызбыз, дейді дәрігерлер.