«Жеке тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігі мәселесі бойынша 12 тамызда кеңейтілген отырыс өтті. Нәтижесінде жауапты мамандардың жүргізген есебі бойынша облыс көлемінде әлеуметтік осал топтағы 6032 отбасының тізімі жасалды. Оның ішінде, 2285 көпбалалы отбасы, 2701 аз қамтылған, 571 жалғызбасты мүгедектер мен 475 жалғызілікті зейнеткерлер бар», — дейді облыстық ТЖД баспасөз хатшысы Гүлмира Әбілқасымова.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, 15 тамыздан бастап жергілікті атқарушы органдар, полиция, еріктілер бірлесе отырып, аталған топтағы отбасылардың үйін аралап шықты.
«Үйлерді толық аралап шыққан соң, ТЖД мамандары демеушілер мен еріктілердің көмегімен 241 үйге улы және табиғи газды анықтайтын құрылғылар орнатты. Сондай-ақ, 962 үйдің пеші жөнделді, 938 баспананың электр жүйесі қалпына келтірілді», – деп көрсетілген тілшіге берілген ақпаратта.
Гүлмира Әбілқасымованың ақпаратына қарағанда, 15 қыркүйектен бастап жеке үйлер мен көппәтерлі тұрғын үйлердегі жатақханаларда өрт қауіпсіздігі ережесі қаншалықты сақталғанын анықтау мақсатында «Жатақхана» атты алдын алу шаралары өткізіліп жатыр. Заңсыз жұмыс істейтін жатақханалар, жеке тұрғын үйді жатақхана ретінде қайта жоспарлау фактілері анықталған жағдайда, тұрғын үй инспекциялары, басқа да мемлекеттік органдар хабардар етіледі.