Комиссия отырысына облыстық басқарма басшылары, ТЖД мамандары, аудан, қала әкімдері, «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамының өкілдері қатысты.
Жиында бірнеше мәселе қаралды:
— 2022 жылғы шомылу маусымының қорытындысы;
— 2022-2023 жылғы жылыту кезеңіне дайындық және тұрғындардың өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
— облыс аумағында 2022-2023 жылғы қыс айларын қауіпсіз өткізу жөніндегі іс-шараларды дайындау және ұйымдастыру;
— «Қыс-2022» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуын дайындау және өткізу.
Биылғы шомылу маусымының қорытындысы жайында облыстық ТЖД бастығы Данияр Қасымов баяндама оқыды. Оның айтуынша, облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовтың былтырғы берген тапсырмасы тиісті деңгейде орындалған жоқ.
«Сөз Қапшағай көлі жағалауы туралы болып отыр. Қонаев қаласының барлық жағажайларын жабдықтауға жауапты «Қапшағай тұрғын үй» ЖШС мамандарының ақпаратына сүйенсек, қалалық атқарушы орган тарапынан мемлекеттік сатып алу бойынша конкурс жарияланған. Десе де, судың жүзуге болатын аймағын қоршайтын арнайы қалқымалардың жеткілікті данасы орнатылмаған», — деді ТЖД бастығы.
Оның айтуынша, конкурста көрсетілген қалқыма саны 250 дана, олар 630 метр аумақты шектеуге ғана жеткілікті. Ал қаладағы №7-8 жағажайлардың ұзындығы 850 метрді құрайды. Одан бөлек, балалардың шомылуына арналған жер де қоршалуы тиіс еді. Жалпы қаладағы жағажай 2670 метрге созылып жатыр.
«Сәйкесінше, өзіңіз берген тапсырма дұрыс орындалған жоқ. «Қапшағай тұрғын үй» ЖШС қалалық әкімдікке неше рет шағымданғанымен, еш шара қолданылмаған. Қаладағы жағажайдың жабдықталуы талаптарға сәйкес емес», — деді Данияр Қасымов.
Сонымен қатар жиын барысында тұрғын үйлерде өрт шығуының негізгі себептері мен салдарын ескере отырып, алдын алу жұмыстарын жүргізу тәсілдері қайта қаралғаны туралы сөз етілді.
ТЖД мамандарының ресми мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда өрттің алдын алу бойынша,әсіресе, халықтың әлеуметтік осал топтарына ерекше назар аударылып отыр. Облыста осы санаттағы 6 032 (2 344 көпбалалы отбасы, 2 595 аз қамтылған отбасы, 522 жалғыз басты мүгедек, 571 зейнеткерлік жастағы жалғызбасты адам) отбасы бар.
Комиссия отырысының соңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов аудан, қала әкімдеріне, жауапты мемлекеттік органдарға, басқарма басшыларына, ТЖД қызметкерлеріне бірнеше тапсырма жүктеді.