Алматы облысы Қошмамбет ауылындағы мектеп төрт ауысыммен оқиды. Осылай деген ата-аналар жүктеменің көптігінен балалар сенбіде сабаққа баратынын айтып, шағымданды, деп хабарлайды Alataunews.kz Almaty.tv арнасына сілтеме жасап.
600 орындық мектепте 2400 оқушы білім алып жатыр. Мектепке іргелес жатқан ауылдан да балалар келіп оқиды. Тұрғындар бірнеше ауысыммен оқу баланың білім сапасына зиянын тигізіп жатқанын айтады.
«Кімге барып айтамыз? Мынау халық бекер жиналып тұр ма? Қаншама халық. 600 жүз бала оқитын мектеп қой. Балалар төрт ауысыммен оқиды», – деді Қошмамбет ауылының тұрғыны Ләтипа Әбдірахманова
Көпшілік бірнеше жылдан бері күрмеуі шешілмей келе жатқан мәселе оң шешілгенін қалайды. Мектептен онсыз да кеш қайтатын баласын жарықсыз көшеден күтіп алатыны тағы бар.Талай табалдырық тоздырса да, әзірге нәтиже жоқ.
«Мектеп жоқ. Төрт ауысыммен оқиды. Сағат 19:30-ға дейін, балаларды алып кетуі керек. Автобус қар жаумақ түгілі, кішкене жаңбыр жауса болмайды», – деді Қошмамбет ауылының тұрғыны Бибіназ Қошқарова.
Білім ордасында бала санының көптігінен қосымша сынып жабдықталыпты. Мектеп басшылығы кейде кітапханада сабақ өтуге мәжбүр екенін жасырмады.
«2014 жылы ашылған мектеп 600 жүз балаға арналған. Қазір 2400 бала оқып жатыр. Жүктеме көп. Төрт ауысыммен оқымаймыз, үш ауысыммен оқимыз. Ана жерде сабақ кестесі ілініп тұр», – деді Қ. Қошмамбетов атындағы орта мектептің директоры Нұргүл Смағұлова.
Ал Қарасай аудандық білім басқармасы мектеп мәселесін шешу үшін Қошмамбеттен 3 гектар жер бөлінгенін айтады. Алайда құрылыстың нақты қашан басталатыны белгісіз.
«Қарасай ауданы бойынша бізде жалпы 12 мектеп үш ауысымда оқиды. Орын тапшылығы бар. Осы мәселелерді шешу мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 12 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланып жатыр. Бүгінгі күні барлық жерде жер телімі анықталып, тізімге енгізілді. Дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дәл сол Қошмамбет ауылында міндетті түрде 1200 орындық мектеп салынатын болады», – деді Қарасай аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әсел Еркінбаева.
Қошмамбеттегі 2014 жылы салынған жалғыз мектепте қазір 150 педагог қызмет етеді.