Шара әнұранның шырқалуы мен мемлекеттік тудың салтанатты түрде көтерілуі және облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің ақжарма тілегімен басталды.
«Қазақстан Республикасының рәміздері біздің тарихымызды, мәдениетімізді және ұлттық қадір-қасиетімізді еске салады. Мемлекеттік рәміздерімізде бүкіл Қазақстан халқын біріктіретін, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайтатын құдіретті күш бар. Олар әрқашан жаңа жетістіктерге жету жолында бізге шабыт беріп, күш-қуатымыздың қайнар көзі болып қала береді», — деп құттықтады өңір басшысы.
Жиын «Құлансаз» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің «Көк тудың желбірегені» атты патриоттық әнді орындауымен жалғасты. Ән жиналғандардың жүрегін тебірентіп және Отанға деген мақтаныш сезімін оятты. Сонымен қатар, 30 байкерден тұратын мотоциклшілер шеруі өтті. Олар ел бірлігі мен күш-қуатын білдіретін Мемлекеттік туды Іле ауданынан бастап Қонаев қаласының орталық алаңына дейін желбіретіп жеткізді.
Іс-шара Қонаев қаласының кіреберісінен орталық алаңға дейінгі ретро көліктердің салтанатты шеруімен аяқталды. Қонаев қаласындағы ретро көлік салонының жетекшісі және меценат Мұрат Сіргебаев та шерудің ішінде болды. Түскі сағат 12:00-де 10 мыңнан астам облыс тұрғындары бірауыздан Қазақстан Республикасының Әнұранын шырқап, елжандылық пен ерекше күйге енді.
Салтанатты жиын өңір басшысының құттықтауымен аяқталды.
«Ардақты ағайын! Қадірлі жерлестер! Баршаңызды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке әрбір азаматтың жүрегіндегі Отансүйгіштік сезімін күшейтеді. Ту, Елтаңба және Әнұран – мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, басты символдар.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Көк байрағымыз – мызғымас мемлекеттіліктің белгісі. Елтаңбамыз – азаттықтың айшықты көрінісі. Ал, Әнұранымыз – еркіндік пен елдіктің үні. Тәуелсіздіктің осы үш символы халқымызға ерекше рух береді», – деп, ұлттық нышандардың маңыздылығына ерекше тоқталған болатын.
Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған рәміздерімізді қастерлеу, оларға құрметпен қарау – әрбір қазақстандықтың қасиетті парызы. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін. Өңіріміз өркендеп, еліміз гүлдене берсін!», — деп сөзін аяқтады Марат Сұлтанғазиев.
Айта кетейік, жалпы облыс бойынша 300-ден астам мерекелік іс-шара өтіп, 23.000-нан астам қатысушы жиналды. Облыстың әр ауданында ту көтеріліп, әнұран шырқалды.