Басқосудың негізгі мақсаты – қазақстандық азаматтарды Кореяға заңды түрде жұмысқа орналастыруға мүмкіндік беретін рұқсат жүйесі аясындағы ынтымақтастықты дамыту.
Кездесуге ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері де қатысты.
Басқосуда корей тарапы Employment Permit System (EPS) бағдарламасының жұмыс тәртібін таныстырды. Бұл жүйе Кореяда жұмыс күші тапшы салаларға шетел азаматтарын заңды түрде тартуға бағытталған.
Осы орайда Қазақстанның аталған бағдарламаға қосылу мүмкіндігі кеңінен талқыланды.
Қазақстан тарапынан атқарылып жатқан дайындық жұмыстары туралы Алматы облысының мобильді еңбек орталығының директоры Абылай Зуайда мәлімет берді.
«Қазіргі таңда келіссөздердің екінші кезеңі өтіп жатыр. Бірінші кезеңде тараптар президенттер деңгейінде меморандумға қол қойған болатын. Екінші кезеңде Қазақстанның жұмыс күшін Кореяға жіберуге қаншалықты дайын екені бағаланады», – деді ол.
Оның айтуынша, осы мақсатта корей делегациясы арнайы колледждер мен оқу орталықтарын аралап, кадр даярлау деңгейімен танысып жатыр.
Егер барлық талаптар оң бағаланып, келіссөздер сәтті аяқталса, болашақта толыққанды меморандумға қол қою жоспарлануда.
Мамандардың пікірінше, бағдарламаға қосылған жағдайда Алматы облысында еңбек мигранттарын даярлайтын арнайы оқу орталықтарын ашу көзделіп отыр. Қазіргі уақытта корей тарапы инфрақұрылымдық мүмкіндіктерді бағалап, тиісті нысандармен танысу жұмыстарын жүргізуде.
Алматы облысының әкімі бұл бастаманың тұрғындарды заңды жұмыспен қамтуға және халықаралық еңбек тәжірибесін игеруге жол ашатынын атап өтті.
Корей делегациясының мәліметінше, соңғы шешім барлық дайындық кезеңдері аяқталғаннан кейін Корея Республикасының ведомствоаралық комиссиясында қабылданады.






