2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында Алматы облысында экономикалық өсім қарқыны жоғары болды. Қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіш 108,6%-ды құраса, жалпы өңірлік өнім 7,3%-ға өсіп, 2,4 трлн теңгеге жетті. Бұл нәтижемен облыс республика бойынша 5-орынға шықты. Өткен жылы осы кезеңде бұл көрсеткіш 1,9 трлн теңгені құраған, деп хабарлайды alataunews.kz.
Алматы облысы экономикалық көрсеткіштерін соңғы үш жылда екі есе жақсартты.
- 2021 жыл: Жалпы өңірлік өнім – 3,4 трлн теңге (10-орын).
- 2022 жыл: Жалпы өнім – 4,3 трлн теңге (9-орын).
- 2023 жыл: Жалпы өнім – 5,2 трлн теңге (6-орын).
Салалар бойынша өсім
- Өнеркәсіп: Өндіріс көлемі 6,4%-ға өсіп, 1,6 трлн теңгені құрады (2023 жылы – 1,44 трлн теңге).
- Ауыл шаруашылығы: 576,5 млрд теңгенің өнімі өндірілді, нақты көлем индексі – 100,1%.
- Сауда: Сауда қызметтерінің көлемі 9,5%-ға ұлғайып, 1,3 трлн теңгеге жетті (2023 жылы – 1,15 трлн теңге).
- Құрылыс: Құрылыс саласы 23%-ға артып, 274,3 млрд теңгені құрады (2023 жылы – 220,7 млрд теңге).
- Тұрғын үй: Құрылыс көлемі 3,7%-ға өсіп, 838,2 мың шаршы метрге жетті.
2024 жылы Үкімет жалпы экономикалық өсімді 6%-ға жеткізуді көздеп отыр. Жоспарға сәйкес, жылдың соңында Алматы облысының жалпы өңірлік өнімі 5,8 трлн теңгеге жетуі тиіс.
Облыста ерекше экономикалық аймақ – «Алатау» қаласы құрылып, 88 мың гектар аумақта жаңа қала бой көтеріп жатыр. Бұл аймақ Орталық Азиядағы ең үлкен арнайы экономикалық аймақтардың бірі және әлемдегі алғашқы үштіктің қатарына кіреді.
Жаңа қаланы дамыту үшін Сингапур мен Қытайдан сарапшылар шақырылды. Бұл елдер қала құрылысы, инфрақұрылым және «ақылды» технологияларды енгізу саласында танымал.
Алматы облысы инвестиция үшін тартымды аймақ ретінде танылып келеді. 2023 жылы 736,4 млрд теңгеге 28 меморандум жасалды. 2030 жылға дейін облысқа 6,8 трлн теңгені құрайтын 224 жоба енгізіліп, 43,5 мың жұмыс орны ашылады.
Ірі жобалар:
- PepsiCo – картоп чиптерін өндіру ($200 млн).
- KT&G – темекі өнімдерін өндіру ($204 млн).
- Focus Logistics және OZON – А санатындағы қойма ($151 млн).
- Алтын Таға – құрылыс материалдарын өндіру ($120 млн).
- Строитель 98 – логистикалық кешен құрылысы ($100 млн).
Жаңа инвестицияларды тарта отырып, Алматы облысы жыл сайын экономикалық әлеуетін арттыруда. Бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасалып, өңірде заманауи инфрақұрылым мен жаңа өндіріс орындары салынуда. Бұл облыстың болашағы жарқын екенін көрсетеді.