Аталған басқосуда мәслихат хатшысы Дәулет Жарасбаев төрағалық етті. Жиынға өңірдің 22 депутаты, облыстық басқарма басшылары, жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.
Сессия отырысында 7 мәселе қаралды:
1. ҚР Президентінің АЭС құрылысы туралы бастамасы сөз етілді;
2. мемлекеттік қызметкерлерді өтемақы төлемдерімен қамтамасыз ету;
3. мәслихаттың 2019 жылғы 31 шiлдедегі «үй жануарларын асырау мен серуендету, қаңғыған иттер мен мысықтарды аулау және жою туралы» шешімінің күшін жою;
4. облыс бойынша қоршаған ортаны қорғау мен табиғат ресурстарын пайдаланудың жай-күйі;
5. облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының құрамдарына өзгерістер енгізу;
6. Алматы облысының жер комиссиясының дербес құрамын және жер комиссиясының ережесін бекіту;
7. өңір әкімдігі жанындағы Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар шеңберінде индустрияландыру саясатын іске асыру жөніндегі үйлестіру кеңесінің дербес құрамын бекіту.
Облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Гаухар Әбілқасымованың айтуынша, жыл басынан бері 57 шаруашылық жүргізуші субъектілері тексерілді.
«ҚР экологиялық заңнамасын бұзғаны үшін лауазымды, заңды және жеке тұлғаларға 240 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 105 615 522 теңге айыппұл салынды. Оның 225-і (100 225 297 тг) дер кезінде айыппұлын өтеді, 10-ынан (4 957 456 теңге) сот орындаушылары айыппұлды мәжбүрлеп өндіретін болды. Жалпы сомасы 432 769 теңге көлеміндегі 5 айыппұл өндіріліп жатыр (мерзімі бар)», — деді Гаухар Әбілқасымова.