Алматы облысы әкімінің өкімімен Актаева Лязат Мейрашқызы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып тағайындалды.
Ол 1965 жылы туған, білімі жоғары, 1988 жылы Алматы медициналық институтын «емдеу ісі» мамандығы бойынша, 2003 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызметті басқару академиясын «мемлекеттік қызмет менеджері» мамандығы бойынша бітірген. Медицина ғылымдарының докторы.
Еңбек жолын 1989 жылы Алматы қаласының №5 перзентханасының акушер-гинекологы болып бастаған.
Әр жылдары Қазақ мемлекеттік медицина университетінің акушерлік және гинекология кафедрасының ассистенті, Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының бас акушер-гинекологы, Алматы қаласы №1 перзентхана бас дәрігерінің міндетін атқарушы, Астана қаласының Денсаулық сақтау департаменті директорының орынбасары және т.б. қызметтерде болған.
2022 жылдың ақпан айынан қазіргі уақытқа дейін Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының Жоғары медициналық колледжінің директоры лауазымында қызмет етті.
Мерекелік медальдармен марапатталған, «Құрмет» орденінің иегері.