Алматы облысы бюджет түсімдері бойынша республикада төртінші орынға ие болғанымен, шығыстары бойынша да алдыңғы қатарда. Облыстың бюджет мәселелері мен жоспарлау барысын Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев журналист Айбар Олжайға берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды alataunews.kz.
Әкім шығындардың артуына әсер ететін негізгі факторларды атап өтті. Оның айтуынша, жыл сайын облыстың дамуына бағытталған ірі жобалар мен халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін ауқымды жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар, кәсіпкерлерге қолдау көрсету де басты мақсаттардың бірі. Мысалы, инфрақұрылымды жақсарту үшін ескірген инженерлік желілерді жаңарту мен 674 саяжайды ауылдардың әкімшілік шекарасына қосу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар жергілікті бюджетке айтарлықтай жүктеме түсіруде.
Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, Қонаев пен Алатау қалаларын дамыту да қосымша шығындарды қажет етеді, себебі бұл жобалар ұлттық және халықаралық деңгейде маңызға ие. Облыс республикалық трансферттерге де тәуелді, бірақ биыл бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда төмендеген. 2023 жылы трансферттер көлемі 1485 миллиард теңге болса, 2024 жылы бұл сома 183 миллиард теңгені құрап отыр.
Әкім сондай-ақ аймақтағы ірі кәсіпорындардың салықтары республикалық бюджетке аударылатындығын атап өтті. Биыл екі кәсіпорынның ірі бизнес санатына өтуіне байланысты олардың салықтары республикалық бюджетке түсті. Бұл жергілікті бюджеттің мүмкіндіктерін шектеп отыр, дегенмен, Марат Сұлтанғазиев теңгерімді даму жолында жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.
Облыс басшысы дамудың теңгерімділігіне назар аудару қажеттігін атап, халықпен бірлесе жұмыс істеудің маңыздылығына тоқталды. Әкімнің айтуынша, халықтан жиналған 1033 мәселе бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ауылдардың жағдайын жақсарту жұмыстары жалғасуда. Облыстағы ең өзекті мәселелер – газ, мектеп және жолдың жетіспеушілігі.
Марат Сұлтанғазиев сонымен қатар Іле, Қарасай, Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарының салықтық түсімдері жоғары екенін және Талғар ауданын инвестиция тарту үшін тартымды аймақ ретінде дамытуды көздейтінін атап өтті.