Олардың айтуынша, маңайдағы ауылдың бәріне газ тартылған. Жасы алпыстан асқан Бибісара Маманова көмірді өзі жағып, отынды өзі жарады.
«Алты мезгіл көмір жақпасаң қатып қаласың. Ірісін таңдап, 18 мыңға алдым. Осы күнге дейін бес тонна көмір жақтым. Үйге жеткізгені үшін 10 мың теңге алады», – деді Әли ауылының тұрғыны Бибісара Маманова.
Әли ауылындағы 300 отбасы тұтас отын жағып бой жылытады. Олар әсіресе, биыл қатты қиналғанын айтады. «Айлығымыз шайлығымызға жетпейді» деп мұңын шаққан жұрттың көмір сапасына көңілі толмайды.
Байсерке ауылдық округіне Әлиді қоспағанда тағы 6 елді мекен кіреді. Маңайындағы ауылдың көбіне газ құбыры тартылған. Жергілікті әкімдік өкілдері бұл мәселеден хабардар екенін айтып, оны шешуге тырысып жатқан көрінеді.
«Мына жерде 7 километр жерде станциямыз бар. Ол жерге үлкен қысыммен газ келеді. Басқа жерден тартсақ, жаңағы гидравликасы жетпейді. Одан кейін газдың давлениесі болмайды. Ол 7 шақырымнан келеді де, шығындардың бәрін санаған кезде қымбатқа түседі. Экспертизадан өтіп, ПСД жасалып, бәрі реттелсе Үкімет тарапынан жаңағы мемлекетік бағдарламамен салынады. Сол кезде халыққа арзан түседі», – дед Байсерке ауылдық округі әкімінің орынбасары Дәулетхан Жетеуов.
Жауаптылар ауылға газ тартатын компания табылмай тұрғанын айтты. Табылған күннің өзінде көгілдір отынды үйге тарту үшін 1 миллионға жуық теңге қажет. Көмірдің өзіне ақша таба алмай отырған халық үшін ол қымбатқа соғатыны белгілі.