Алматы облысы Әділет департаменті жыл басынан бері 14 461 азаматқа мемлекет кепілдік берген тегін заң көмегін ұсынып, аймақ тұрғындарына жоғары деңгейде құқықтық қолдау көрсетуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында департамент басшысының орынбасары Нұржан Сатубеков мәлімдеді, деп хабарлайды alataunews.kz.
Жыл бойы департаментке 6502 өтініш түсіп, олардың барлығына толық әрі қанағаттанарлық жауап берілген. Коммерциялық емес ұйымдарды тіркеу және олардың қызметін қадағалау бойынша 545 өтініш қаралып, нәтижесінде 210 заңды тұлға тіркелді және 136 қайта тіркеу рәсімі жүргізілді. Сонымен қатар, апостиль қою қызметі бойынша 323 өтініш уақтылы орындалды.
Зияткерлік меншік құқықтарын қорғау мақсатында 28 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, 21 әкімшілік іс қозғалды. Нәтижесінде заңсыз тауар айналымы тоқтатылып, тәркіленген өнімдердің жалпы құны 17,5 миллион теңгеден асты.
Өңірде 250 нотариус пен 449 адвокат қызмет атқарады. Жыл басынан олардың жұмысына қатысты 100-ден астам өтініш қаралып, заң бұзушылықтар анықталған жағдайда тиісті тәртіптік шаралар қолданылды. Сонымен қатар, адвокатура мен нотариат саласында 28 үміткер аттестаттаудан өтіп, кәсіби қызметін бастауға мүмкіндік алды.
Алимент өндіру ісі де департаменттің негізгі назарында болды. Облыс аумағында 16 632 алимент ісі қаралып, 4208 борышкерге елден шығуға шектеу қойылды. Сондай-ақ, 11 борышкердің мүлкі анықталып, өндіріп алушылардың пайдасына өткізілді.
Алматы облысы Әділет департаменті аймақта заңдылықты қамтамасыз ету және тұрғындарға құқықтық көмек көрсету бағытында өз жұмысын белсенді жалғастырып келеді.