Алматы облысының ауыл шаруашылығы саласы 2024 жылы айтарлықтай жетістіктерге жетті. Жалпы 420 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілсе, оның 96%-ы, яғни 405,6 мың гектары жиналды. Негізгі өнімдер қатарында дәнді дақылдар, картоп, көкөністер және майлы дақылдар бар. Бұл бағыттар өңірдің ауыл шаруашылығын дамытудағы басымдық болып отыр, деп хабарлайды alataunews.kz.
Өнім жинау және өңірдің көрсеткіштері
- Дәнді дақылдар – 169,2 мың гектарды қамтыды.
- Майлы дақылдар – 23,7 мың гектар.
- Картоп – 10,4 мың гектардан жиналды.
- Көкөністер – 15,5 мың гектар.
- Қауын-қарбыз – 1,8 мың гектар.
- Қант қызылшасы – 0,2 мың гектар.
- Жем-шөптік дақылдар – 198,4 мың гектар.
Қазіргі уақытта жүгері жинау жұмыстары жалғасуда. Биыл жүгері 50,4 мың гектарға егілген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,3 мың гектарға аз. Қазірге дейін 36 мың гектар (71,3%) алқаптан өнім жиналып, орташа өнімділік 70,6 центнерді құрап отыр. Жүгері өнімі 378 мың тоннадан асуы мүмкін деп болжануда.
Алматы облысындағы үш ірі зауыт жергілікті шаруалардан жүгері және басқа да дақылдарды қабылдап, өңдейді:
- «Жаркент крахмал-патока зауыты» (Панфилов ауданы).
- «АзияАгроФуд» АҚ (Қарасай ауданы).
- «Көк Теңіз» ЖШС (Жамбыл ауданы).
Мәселен, «АзияАгроФуд» зауыты 25 мың тонна жүгеріні 50 мың теңгеден қабылдады. Ал «Көк Теңіз» ЖШС 5 мың тонна жүгеріні 62-65 теңгеден сатып алып, желтоқсанға дейін тағы 15 мың тонна қабылдауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, құс фабрикалары 800 тонна жүгеріні 74 теңгеден сатып алған.
Облыста дәнді дақылдарды сақтау үшін жалпы сыйымдылығы 102,6 мың тоннаны құрайтын үш лицензияланған қойма жұмыс істейді:
- «Байсерке Агро» ЖШС – 44,6 мың тонна, 12,8 мың тонна жүгері сақталуда.
- «AGRO-FOOD» ЖШС – 18 мың тонна, 0,4 мың тонна бидай сақталуда.
- «Балтабай Дән» ЖШС – 40 мың тонна, 6,8 мың тонна жүгері сақталуда.
Сондай-ақ, бес кәсіпорын дәнді дақылдарды кептірумен айналысады.
2024 жылы Алматы облысында 741 мың тонна картоп пен көкөніс жиналды, бұл ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге жеткілікті. Картоптың орташа бағасы – 213 теңге, пияз – 146 теңге, сәбіз – 163 теңге. Өндірілген пияз көлемі ішкі қажеттіліктен екі есе артық. Қазіргі уақытта 50,6 мың тонна пияз жиналса, оның 24,4 мың тоннасы ішкі тұтынуға, ал 8,1 мың тоннасы маусымаралық кезеңде сақтау үшін арналған.
Облыста пиязды сақтау үшін жалпы сыйымдылығы 57,2 мың тоннаны құрайтын 29 көкөніс қоймасы бар. Шаруашылықтар өнімдерін дер кезінде өткізу үшін ірі сауда желілері мен супермаркеттермен келісімшарттар жасасуда.