Бұл маңызды жиынға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, өңірдегі басқарма басшылары, квазимемлекеттік сектор өкілдері, құқық қорғау органдары, кәсіпкерлер палатасының мамандары қатысты.
«Жыл басынан бері Алматы облысында сыбайлас жемқорлықтың 99 дерегі тіркелді. 68 азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 13 адам басшылық қызметте болған», — деді Алматы облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментінің басшысы Серік Орымбетов.
Оның айтуынша, кәсіпкерлерді заңсыз тексерістен қорғау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл бағыт бойынша 47 қылмыс фактісі тіркелді. Және ұлттық жобаларды жүзеге асыру саласында да шикіліктер анықталды. Атап өтсек, 23 қылмыс тіркелді. Салдарынан елімізге 38,5 млн теңге шығын келтірілген. Оның 32,9 млн теңгесі бюджетке қайтарылды. Сондай-ақ 4 азамат жауапкершілікке тартылды, 6 адам сотталды.