Бір топ ақпарат саласы мамандарына облыстық «Жастар ресурстық орталығы» тарапынан Алғыс хаттар табысталып, сый-құрмет көрсетілді. Шарада мекеме директоры Мақсат Кенешев сала қызметкерлеріне алғысын жеткізіп, қызметтеріне табыс тіледі.
Мерекелік кеште «Асыл» өнер мектебінің өнерпаздары күмбірлете күй шертіп, шара көрігін қыздырды. Мұнымен қоса, жас әншілер әннен шашу шашты. Өз кезегінде қатысушылар да ақжарма тілектерін айтып, ұйымдастырушы тарапқа ризашылықтарын жеткізді.
«Ақпарат саласында жүргеніме 35 жыл болды. Жастар орта буын. Бүгін міне аға буынды да ұмытпай, елеп-ескеріп мереке күні марапаттап жатыр. Осындай шараны ұйымдастырған Жастар ресурстық орталығына рахмет. Жастардың ресурсы таси берсін, жастар жасасын!», — деді «Алатау» телеарнасының таспагері Талғат Жанбота.
Ал орталық директоры БАҚ-ның маңызы жайлы атап өтті.
«Бүгін Алматы облысындағы ақпарат саласында күні-түні еңбек етіп жүрген қызметкерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтадық. Олардың жастар саясатын жүзеге асырып, оны ақпараттандыруда қосқан үлесі өлшеусіз. Өйткені, мемлекеттік бағдарламаларды, жастарға арналған мүмкіндіктерді БАҚ өкілдері де насихаттап келеді. Сондықтан бүгін міне мерекелік кеш өткізіп жатырмыз. Бізге қаржылай қолдау білдірген меценатымыз Сергей Горянойға алғысымызды білдіреміз», — деді Мақсат Кенешев.