Қазақ балалар әдебиетінің классигі, ұлт руханиятының көрнекті өкілі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО және ТҮРКСОЙ көлемінде атап өтілуде. Алматы облыстық мәдениет басқармасы осы ауқымды мерейтой аясында 100-ге жуық мәдени іс-шара ұйымдастырды, деп хабарлайды alataunews.kz.
Алматы облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Алиев Өңірлік коммуникациялар қызметінде берген мәлімдемесінде мерейтойға арналған іс-шаралардың маңыздылығына тоқталды. Атап айтқанда, ақынның туған жерінде өтетін «Болмысы бөлек Бердібек» атты салтанатты жиында жазушының қазақ әдебиетіне қосқан үлесі кеңінен талқыланып, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов сөз сөйлейді.
Сонымен қатар, мерейтой аясында ақындар айтысы ұйымдастырылып, Алматы және Жетісу облыстарының жас ақындары командалық айтысқа қатысады. Бұл айтысқа жетекшілік ететін Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты, белгілі айтыскер Аманжол Әлтаев, ал қазылар алқасын Жүрсін Ерман басқарады.
Данияр Алиев мерейтойдың қазақ мәдениетін әлемдік деңгейде дәріптеудің жарқын көрінісі екенін атап өтті: «Бердібек Соқпақбаевтың шығармашылығы – қазақ әдебиетінің ажырамас бөлігі және ұлттың рухани әлемінің бірегей көрінісі.»
Мерейтойға арналған мерекелік іс-шаралар 21 қыркүйекте Сарыжаз ауылында жалғасын тауып, ұлттық бәйге және спорттық ойындармен аяқталады.