Бүгін парктің қоғамдық көліктері №5 бағытта жүре бастады. Аталған бағытта сыйымдылығы 108 адам болатын Лиаз маркалы 6 көлік қызмет етеді. Қоғамдық көлік бұрын автобуспен қамтылмаған Төле би және Түймебаев ауылдарынан бастап Алматы қаласының «Сәлем» автостансасына дейін барады. Маршруттың жұмысы сағат 5:40-тан 22:00-ге дейін жалғасады. Интервалы — 20 минут. Әзірше, жол ақысы (80 тг, жеңілдікпен 40 тг) қолма-қол ақшамен төленеді. Кейіннен төлемді электронды түрде жасау үшін автобустарға «AlemPay» компаниясының терминалдары қойылады.
Сондай-ақ ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесе, 9 бағытта қызмет көрсету үшін 130 бірлік автобус сатып алу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл маршруттар 20-ға жуық ауылды, 1 қаланы (Гейт сити) және Іле ауданының қоғамдық көлікпен қамтылмаған 2 ірі шағынауданын қамтамасыз етеді.
Алматы облысы әкімінің орынбасары Алмас Батановтың айтуынша, автопарк басқа жеке меншік компаниялардың облыс аумағында қызмет етуіне кедергі келтірмейді. Облыстық компания жұмысы негізінен қоғамдық көлікпен қамтылмай қалған елдімекендердің мәселесін шешуге бағытталады.
Бүгінде серіктестікте 332 адам жұмыс жасайды. Бұған дейін Алматы қаласынан облысқа 300 автобус берілген болатын. Қазір оның 25-і жөндеуден өтіп, серіктестік иелігіне өткен. Қалған көліктер кезең-кезеңімен жөнделіп, қолданысқа беріледі.