Конференция жұмысын филиал төрағасы Қуат Байғоджаев жүргізді.
Жиынға партия филиалы Саяси кеңесінің мүшелері, партия ардагерлері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, «Жастар Рухы» жастар қанатының мүшелері қатысты.
Жиында «AMANAT» партиясының Алматы облысы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының жобасы бекітілді. Партиялық тізім және бірмандаттық сайлау округтері бойынша сайланатын Алматы облыстық мәслихатының депутаттығына кандидаттардың тізімі таныстырылды.
Филиал төрағасының айтуынша, партия облыстың проблемалық мәселелерін тұрақты негізде анықтап отырады.
«Мысалға, облыста үш ауысымды оқытатын 52 мектеп бар. Шамадан тыс жүктелген мектептер саны 82 құрап отыр. Денсаулық сақтау объектілерінің жоғары тозуы – 40%-дан асады, дәрігерлік кадрлардың тапшылығы – 105 адам. Онымен қоса, өңірдегі жайылымдардың тапшылығы шамамен 1,4 млн гектарды құрайды. Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласында инженерлік желілердің тозуы, оның ішінде Қонаев қаласындағы кәріз тазарту құрылыстарының тозуы – проблемалық мәселе», – деді Қуат Байғоджаев.
Төрағаның сөзіне сүйенсек, облыстық «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы алдағы 5 жылда өңірдің жоғарыда аталған және басқа да өзекті мәселелерін шешуге бағытталған.
Сонымен қатар Қуат Байғоджаев облыста соңғы екі жылда «AMANAT» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында бірқатар нәтижелерге қол жеткізгенін айтты.
«Өңірде білім беру саласында 4 мыңнан астам орынға 9 мектеп салынды. 24 мектеп күрделі жөндеуден өтті. 3 мектеп 300 орындыққа кеңейді. 12 мыңнан аса орындық 128 балабақша ашылды. Сондай-ақ 27 медициналық мекеме ашылды. Бұл 150 келушіге арналған 3 фельдшерлік-акушерлік пункт, 50 азаматты бір мезгілде қабылдайтын 2 фельдшерлік пункт және 20 дәрігерлік пунктке арналған блок-модульдік кешен, 2 дәрігерлік амбулатория салынды», − деді партия төрағасы.
Сондай-ақ партияның сайлауалды уәделерін орындау аясында «Жер аманаты» жобасы арқылы 112 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Жұмыспен қамту шараларын жүзеге асыру аясында 35 мың адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Алматы облыстық «AMANAT» партиясының 53 мыңға жуық мүшесі бар.
Посмотреть эту публикацию в Instagram