Алматы облысы бойынша Жол активтері сапасының ұлттық орталығының зертхана меңгерушісі Айдын Әшірбеков облыста 792 жол-құрылыс материалдарының сынамасы сыналғанын, оның 273-і (34%) стандарт талаптарына сәйкес келмейтінін атап өтті.
Орталықтың зертханасына республикалық маңызды жолдардан 365, ал облыстық, аудандық және ауылдық жолдан 340 сынама алынған.
Айтуынша, бұл – соңғы жарты жылдың нәтижесі.
«Диагностиканың негізгі міндеті – жол құрылысын тексеру, бағалау. 2022 жылы, яғни былтыр 1619 км жол, биыл 699 км жол тексерілді. Жылдың аяғына дейін былтырғы көрсеткіштен асып кетеді. Сондай-ақ биылдан бастап жергілікті атқарушы органдар бойынша да ведомстволық сараптама жүргізілетін болады», – деді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Алматы облысы бойынша филиалының зертхана меңгерушісі Айдын Әшірбеков.
Алматы қаласы бойынша ЖАСҰО мамандары 98 рет жол учаскелерін аралап тексеру жүргізген, нәтижесінде асфальтбетон қоспасын төсеу технологиясы бұзылған 46 жағдай анықталды.
Айталық, асфальтбетон жабыны тиісті қалыңдықта төселмеген, қоспаның негізі дайындалмаған, негізді тегістеу және басқа да жұмыстар дұрыс жүргізілмеген.
«Жыл басынан бері мегаполисте 14 нысан құрылыспен қамтылды, олар бойынша 41 сынама алынды, оның 26-сы ҚР Ұлттық стандарттарының талаптарына сәйкес келмейді. Бұқтырма көшесі мен Құлжа тас жолында анықталған олқылықты мердігер компания өз қаражаты есебінен жойды. Яғни, №4 және №7 съездің жол жабыны қайта төселді», – деді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Асхат Үсенов.