4, 9 және 11 сынып оқушылары үшін оқу жылының аяқталуына орай салтанатты іс-шара өткізіледі. Бұл ақпаратты Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Жанат Айтпаева айтты.
Ол мегаполис тұрғындарын алдағы оқу жылының аяқталуы туралы хабардар етті. Биылғы оқу жылын 313 мектептер, 12 мектеп-интернаттар және 85 техникалық және кәсіптік білім мекемелері аяқтайды. Бұл мекемелердің барлығында 400 мыңнан астам оқушылар мен тәрбиеленушілер білім алуда.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес оқу жылының мерзімі 2023 жылдың 31 мамырында аяқталады.
«Соңғы сабақ күні барлық мектептер бекітілген кестеге сәйкес өз сабақтарын жүргізеді және оқу күнін сынып сағатын өткізумен аяқтайды. Сынып сағатының мақсаты – оқу жылын қорытындылау және жазғы демалыс кезеңіне балаларды әзірлеу», — деді Жанат Айтпаева.