Болашақта Алатау мен Алматы қалалары арасында әуе көлігі іске қосылуы мүмкін, деп хабарлайды alataunews.kz.
Кеше вице-премьер Қанат Бозымбаевтың басшылығымен Алатау қаласын дамыту бойынша жобалық кеңсенің екінші отырысы өтті.
Қанат Бозымбаев жаңа қаланы салуда халықаралық стандарттарды ескере отырып, Қазақстанның өз тәжірибесіне сүйенудің маңыздылығын атап өтті.
“Бізде жаңа астана мен Түркістан қаласын тұрғызу тәжірибесі бар, бұл Алатау қаласының құрылысына да пайдалы болуы мүмкін. Алматы облысының әкімдігіне осы тәжірибені жан-жақты қарастыруды тапсырамын,” — деді ол.
Сондай-ақ, отырыста Алатау мен Алматы қалалары арасында Urban Air Mobility (UAM) әуе көлігі үшін сынақ ортасын құру және арнайы жұмыс тобын жасақтау жоспарлары айтылды. Аэромобильдер жолаушылар мен жүк тасымалы үшін қолданылатын болады.
Осыған қоса, жаңа қалада әлеуметтік қызметкерлердің жалақысын сақтау мәселесінің де басты назарда екені аталып өтті. Қанат Бозымбаев Әділет, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктеріне бұл бағытта қажетті шаралар әзірлеуді тапсырды.