Техникалық іске қосу аясында жанданған жаңа желінің жұмысымен Жетісу облысы әкімі Бейбіт Исабаев ауданға жұмыс сапары барысында танысып қайтты. Жаңа жабдықтар орнатудың арқасында балық зауытында қосымша 10 өнім түрі шығарыла бастады. Еуропа мен канадалық тұтынушылар қазірдің өзінде сынақ үлгілерін тұтынып үлгеріп, қызығушылық танытқан. Кәсіпорында технологтар жаңа желіні іске қосу жұмыстарын аяқтады, енді экспорттық жеткізілімдерді жолға қою туралы келіссөздер жүргізіліп жатыр.
«Болашақ Бастау» ЖШС балық өңдеу зауытының директоры Дәурен Алтыбаевтың айтуынша, жаңа жабдықта шамамен сағатына салмағы 50 және 100 грамдық 2,5 мың дана құты уылдырық майын өндіруге болады, бұл бір ауысымда өнім көлемі 50 мыңға дейін жетеді деген сөз. Бүкіл желі толық автоматтандырылған, өндіріс процесінің механизмі жолға қойылған.
Атап өтсек, Алакөл ауданында қуаттылығы жылына 1400 тонна шикізат өңдейтін «Болашақ Бастау» ЖШС-ны қосқанда барлығы 7 балық шаруашылығы, 2 балық өңдеу кәсіпорны және 2 цех тіркелген. Бұл ретте балық өңдеу кәсіпорны өңдеу қуатын арттыруға дайын, бірақ бұл балық аулау лимитін ұлғайту мәселесіне байланысты. Аталған мәселе Экология және табиғи ресурстар министрлігі мамандарының қарауына жолданатынын айта келе, облыс әкімі Бейбіт Исабаев ауданда балық шаруашылығын инвесторларды тарта отырып, белсенді дамыту қажеттігін атап өтті.
Еске салсақ, «Болашақ Бастау» ЖШС 2016 жылдан бастап жұмыс істейді, нысан мұздатылған балықты өңдеумен, сақтаумен айналысады. Балық зауыты тәулігіне шикізатқа байланысты 5-тен 10 тоннаға дейін балық өнімін, сондай-ақ 3 тоннаға дейін балық сүйегінің ұнын өндіре алады.
Мысалы, көксеркенің, тұқы мен басқа да балық түрлерінің сүбесі, сондай-ақ тартылған балық және кептірілген өнімдер шығарылады. Қалдықсыз кәсіпорында 80-нен астам жұмыс орны құрылды, бұл ретте жалақы мөлшері 150-ден 500 мың теңгеге дейін жетеді, оның көлемі өндіріске байланысты анықталады. Дайын өнімдер Беларусь, Германия, Чехия, Дания және басқа да Еуропа елдеріне экспортталады. Жаңа желінің іске қосылуының арқасында жұмыс орындарының саны арттырудың да, жаңа нарық кеңістігіне шығудың да мүмкіндігі артпақ.