Прокуратураның мәліметінше, білім беру мекемелері мемлекеттік сатып алу рәсімдері аясында қызметкерлердің медициналық тексеруден өтуі үшін олардың тізімдерін порталға жариялаған. Алайда бұл тізімдерде қызметкерлердің толық анкеталық деректері, ЖСН-і және өзге де жеке мәліметтері көрсетілген.
«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай мәліметтер шектеулі қолжетімді ақпарат саналады және олар міндетті түрде қорғалуы тиіс. Жеке деректерді алған тұлғалар олардың құпиялылығын қамтамасыз етуге және иесінің келісімінсіз жарияламауға міндетті. Мектеп әкімшілігі осы талаптарды сақтамауы салдарынан бұл мәліметтер үшінші тұлғаларға қолжетімді болып, оларды заңсыз мақсатта пайдалану қаупі туындады», – делінген прокуратура хабарламасында.
Аталған дерек бойынша аудан прокуратурасы мектеп директорларын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 79-бабының 2-бөлігі бойынша жауапқа тартып, жалпы сомасы 1 миллион теңгеден астам айыппұл салған. Сонымен қатар, олар тәртіптік жазаға да тартылды.
Қазіргі уақытта аудандық білім бөлімі тарапынан мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында тиісті шаралар қабылданып жатыр. Білім беру ұйымдарына құпия ақпаратпен жұмыс істеу тәртібі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Бұл жағдай ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және дербес деректерді қорғау мәселелерінің маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетті. Мамандардың айтуынша, мұндай заңбұзушылықтар азаматтардың құқықтарын елеулі түрде бұзып, жауапкершілікке әкеп соқтырады.






