Келесі жылы бағдарлама бойынша несиелеу үшін 100 млрд теңгеге дейін қаражат бөлу жоспарланып отыр. Бағдарлама бойынша жыл сайынғы несиелеудің нақты көлемі нарықтағы банктердің нарықтық ипотекалық өнімдері мен олардың дамуына байланысты белгіленеді деп көзделіп отыр.
Жеңілдетілген несиелеумен азаматтарды көбірек қамту мақсатында бағдарламаны іске асырудың жекелеген талаптары қайта қаралды. Атап айтқанда, әрбір қарыз алушы бағдарламаға бір рет қана қатыса алады.
Бағдарлама аясында берілетін ипотекалық тұрғын үй қарыздарының параметрлері (бастапқы жарнаның ең төменгі мөлшері, қарыздың ең жоғары сомасы, сыйақы мөлшерлемесі, қарыз мерзімі, өңірлер бөлігінде сатып алынатын тұрғын үйдің ең жоғары құны және т.б.) өзгеріссіз қалады.
22 желтоқсандағы жағдай бойынша 852,2 млрд теңге көлемінде 64 146 жеңілдетілген қарыз берілді.
Бағдарлама жұмыс істейтін азаматтарды 20%-дан бастап бастапқы жарнамен жылдық 7% жеңілдетілген мөлшерлеме бойынша 25 жылға дейінгі мерзімге қолжетімді ипотекамен қамтамасыз ету үшін 2018 жылы іске қосылды.