Жаңа зауыттар мен логистикалық орталықтар
Ауданның ең ірі жобаларының бірі – Оңтүстік Кореяның KT&G компаниясының темекі өнімдерін шығаратын зауытының ашылуы. Кәсіпорын жылына 177 миллиард теңгенің өнімін өндіруге қауқарлы. Қазіргі уақытта зауытта 180 адам еңбек етуде.
Логистикалық сектор да қарқынды дамып келеді. «Фокус Логистик» кешенінің алғашқы кезеңі аяқталып, OZONқоймасы іске қосылды. Бұл жоба 250 адамды жұмыспен қамтыды. Алдағы наурыз айында ашылатын UNIONқоймасы қосымша 100 жұмыс орнын ұсынбақ. Сондай-ақ, «Imagine Apple City» жобасы аясында тағы 500 жаңа жұмыс орны құрылады.
Жалпы алғанда, 2025 жылы Қарасай ауданында 4500 жаңа жұмыс орны ашылады.
Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамыту
Қарасай ауданы шетелдік және отандық компаниялар үшін тартымды аймаққа айналуда. Мәселен, алкогольсіз сусындар өндіретін Caspian Beverage Holding («Буратино» бренді) өз зауытын Алматыдан Қарасай ауданына көшіруді жоспарлап отыр. Бұл өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 106 жобаны жүзеге асыру үшін 928 миллион теңге бөлінді. Ауданда су үнемдеу технологиялары енгізіліп, қайта өңдеу кәсіпорындары мен агробизнес дамытылуда.
Әлеуметтік инфрақұрылымның дамуы
Аудан халқының өмір сапасын жақсарту мақсатында білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет салаларында маңызды жобалар іске асырылуда:
- 2025 жылы Алмалыбақ ауылында 1500 орындық, Булақты ауылында 900 орындық жаңа мектептер ашылады.
- Жібек Жолы мен Айтей ауылдарында жаңа мәдениет үйлері бой көтереді.
- Абай және Үштерек ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар салынады.
«Инвестиция тарту – аудан дамуының басты бағыты. Жаңа кәсіпорындар тек қаржы құйып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын да ашады. Бұл – біздің негізгі басымдықтарымыздың бірі», – деді Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов.
Қарасай ауданының өркендеуі өңірдегі экономиканың тұрақты дамуына және халықтың әл-ауқатының артуына ықпал етпек.