Ол 2030 жылға дейін Алматы агломерациясын дамыту, сондай-ақ Мемлекет басшысы қол қойған жаңа заң аясында Алматы облысы мен Алматы қаласының дамуындағы теңгерімсіздікті жою бойынша кешенді жұмыс жүргізілетінін атап көрсетті.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, агломерация аймағында шикізаттық емес сектордың ірі кәсіпорындары шоғырланған.
«Индустриялық аймақтарды құру, шетелдік компанияларды релокациялау, инвестицияларды тарту бойынша жұмыстарды жалғастыру маңызды, нәтижесінде бұл экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік береді. Бұл жұмысты бәсекеге қабілетті өнім шығаруға, оның ішінде агроөнеркәсіптік кешен саласына баса назар аудара отырып, жандандыру керек», — деді ол.
Премьер-Министр бүгінде облыстың инвестициялық портфелі құны 718 млрд теңгеден астам соманы құрайтын 134 жобаны қамтитынын атап өтті. Осы жобалар аясында 8 мыңға жуық жұмыс орны құрылатын болады. 2022 жылдың қорытындысы бойынша жалпы құны 111 млрд теңге болатын 39 жоба іске асырылды.
«Тағы 95 жоба іске асырылуда. Оның құны 600 млрд теңгеден астам. Облыс әкімдігі барлық жобаларды мерзімінде іске қосуы керек», — деді Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ Премьер-Министр Қонаев қаласында және Жәпек батыр ауылының маңындағы кәріз-тазарту жүйелері жобалары бойынша дайындық жұмыстарын жүргізу, саяжай аумақтарындағы мәселелерді шешу бойынша жоспар әзірлеу және Қонаев қаласында политехникалық колледж салу мәселесін пысықтау, сондай-ақ өңірдің ирригациялық жүйелерін және суару желілерін жаңарту қажет екенін атап өтті.
Облыс әкімдігінде Әлихан Смайылов Қонаев қаласын дамытудың бас жоспарымен, G4 City-ді одан әрі әзірлеу жобасымен және Талғар ауданы Ақдала ауылында тұрғын үй алаптарын салу жоспарымен танысты.