Тіл – мәдениеттің маңызды элементі. Ол дәстүрлерді, наным-сенімдерді және әлеуметтік нормаларды сақтауға көмектеседі. Тіл арқылы адамдар өз тәжірибелерімен бөлісіп, қоғамда қалыптасқан құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізеді. Технологиялардың, әсіресе интернет пен әлеуметтік медианың дамуымен тілдердің қолданылуы да өзгеріп жатыр. Адамдар түрлі тілдерде ақпарат алмасып, қашықтықтан байланыс жасауда. Бұл тілдердің дамуына жаңа мүмкіндіктер ашқанымен, тілдік мәдениеттің жоғалу қаупін де тудырады.
Әлемде 7000-нан астам тіл бар екенін білеміз, бірақ әрбір мәдениет өз тілін жоғары деңгейде сақтап қалуы қажет. Біздің мемлекеттік тіл де қазіргі таңда көптеген ұлттардың жүрегінен орын алып, қазақша сөйлеу олардың күнделікті әдетіне айналуда. Тілді дамыту мен насихаттау, сондай-ақ этносаралық келісімді қамтамасыз ету – еліміздің болашағы үшін маңызды міндет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жастар көп тіл білген сайын бәсекеге қабілетті, білікті маман болады. Тіл, ұлтаралық қатынас – ішкі тұрақтылыққа ықпал ететін маңызды факторлар. Сондықтан мұндай мәселелерді саяси құралға айналдыруға болмайды», – деп атап өткен.
Тіл – ұлтаралық қатынастың маңызды құралы. Кез келген ұлттың тілі оның мәдениеті мен дәстүрлерін, ойлау қабілетін, дүниетанымын жеткізетін негізгі құрал болып табылады.
24 хабар арнасының журналисті Құрбанов Эмильмен сұхбаттасқанымда, ол өзінің қазақ жерінде өсіп-өркендеп, осы елге қызмет етуді парыз санайтынын айтты: «Анам мені көтеріп жүргенде, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Қазір өз тағдырын Қазақстанмен байланыстыратын адамның бәрі баласына қазақ тілін үйретіп жатыр» деген сөзін естіп, «балам дүниеге келсе, қазақша сөйлейтін болады» деп серт беріпті. Анам сол уәдесінде тұрды. Мен қазақша білім алдым, қазақ елінде ержеткенімді мақтан тұтамын. Атамның әкесі Курбан Курбанов кезінде Әзербайжанда туып, Иранда тұрған. Кейін Қазақстанға қоныс аударған. Осы жерде өмір сүріп, қазақ халқымен бірге тұрып, өзін «Қазақстан – біздің ортақ Отанымыз» деп есептеп өтті», – деді ол.
«Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені ол – ұлтымыздың анасы» дегендей, қазақ жері – бейбітшілік пен достықтың мекені, түрлі ұлт пен ұлыстың ортақ үйі. Бір шаңырақ астындағы ұлттардың татулығы рухани құндылықтарымызды жаңғыртып, ұлттың тілін меңгеру арқылы мәдениетті, тарихты түсіну, оны болашақ ұрпаққа жеткізу басты міндетіміз. Тілді қорғау, дамыту және насихаттау – әрбір ұлттың жауапкершілігі. Тіл – бұл тек сөздер жиыны емес, ол халықтың жанын, тарихын және мәдениетін білдіретін құндылық.