Елімізде сыбайлас жемқорлықсыз, надандықсыз және қатыгездіксіз өмір сүру — Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қойған жаңа бағыт. Ал осы «Адал азамат» жаңа трендіне сай болу үшін балаларымызды қалай тәрбиелеу керек?
Alataunews.kz тілшісі осы тақырыпта 10 жылдық тәжірибесі бар білікті маман, педагогика ғылымдарының магистрі Маржан Айдынқызы Искаковамен сұхбаттасты.
— Сіз көп жылдан бері педагог болып қызмет атқарасыз, өзіңіз де анасыз сондықтан қазіргі мектеп жасындағы балалардың қандай екенін өте жақсы білесіз. Осы оқушылардың бойында, адалдық, жауапкершілік және еңбекқорлық қасиеттерді қалай дамытуға болады? Ол үшін не істеу керек?
— Әрине балаларды осы қағидаттарға сай тәрбиелеуге болады. Бірақ бұл бір күннің жұмысы емес, тіпті бірнеше жыл кетуі мүмкін. «Адал азамат» концепциясына сай ұрпақ тәрбиелеу үшін кешенді тәсілдерді қолдану керек. Бірінші кезекте, өзіңіз де соған лайық болуыңыз керек. Балалар алдымен ата-анасы мен жақындарынан көргенін істейді. Тәрбие мектептен емес отбасынан басталады. Мектеп бағдарламасы ата-ана тәрбиесінің орнын баса алмайды. Ата-аналар көбіне жауапкершілікті мектепке артып қойғысы келеді, бірақ алғашқы ұстаз өздері екенін ұмытпауы керек. Біз мектепте басқа елдер мен ғылымдар туралы білім береміз. Оқушының қоғамдағы орнын және сол қоғамда қалай өмір сүру керектігін түсіндіреміз. Оның заңдарын қалай бұзбауға болатынын үйретеміз. Бірақ отбасында ата-аналар адамгершілікке баулып, еңбекке үйретіп, кез-келген мүлікке ұқыпты қарауды үйретуі керек. Егер отбасында жоғары құндылықтар мен моральдық негіз болса, онда бала да сондай атмосферада өсіп, осы қасиеттерді өзі де бойына сіңіреді. Ата — аналар өздерінің іс-әрекеттері мен сөздерінде балаларға адал болу маңызды екенін көрсетеді. Сондықтан балалармен адалдық деген не, ол неге маңызды және өтіріктің салдары қандай болуы мүмкін екенін талқылау керек. Ол үшін нақты мысалдар мен оқиғаларды қолданыңыз.
— Адамды адал азамат етіп тәрбиелеу қаншалықты қиын және неге? Өз ойыңызбен бөлісіңізші…
— Жалпы тәрбие беру оңай жұмыс емес. Оны әрбір ата-ана біледі. Қай-қайсымыз болсақ та, кей жағдайларда не істейтінімізді білмейтін кездер болады. Біздің тіпті өзіміздің де балалардан үйренеріміз көп. Мысалы, көшеде баламыз қарны аш мысықты немесе күшікті тамақтандырғысы келіп, ниет білдіргенде оның жануарларға қаншалықты мейірімді екенін көреміз. Қазір қоғамды позитивті де негативті де оқиғалар қатар болып жатыр және ол ақпараттардың барлығы да балаларға қолжетімді. Бұл олардың критикалық ойлау қабілетін дамытады. Бірақ оны кері әсер ететін жақтары да бар. Мысалы, балалар жалған ақпараттарға сеніп қалуы мүмкін. Ол нағыз құндылықтарды қалыптастыру процесін қиындатады. Сондықтан қазіргі жас ұрпақтың бойына адалдықты сіңіру оңай емес. Дегенмен, әр балаға жеке және дұрыс бағыт беріп, тәрбие берудің заманауи әдістерін қолдану жұмысты жеңілдетуі мүмкін.
— Біз қазіргі қоғамды балаларымыз үшін қауіпсіз деп айта аламыз ба?
— Балалар үшін қоғамның қауіпсіздігін бағалаудың өзі көп қырлы міндет. Физикалық қауіпсіздік, эмоционалды әл-ауқат, технологияның әсері, білім беру ортасы және әлеуметтік факторлар қажет. Сондықтан біздің қоғам балалар үшін қауіпсіз деп баса айтуға болмайды. Бірақ отбасындағы зорлық-зомбылық туралы заң қатаңдатылғаннан кейін қауіптің кейбір аспектілері азаяды деп үміттенемін.
— Ал сіз қазіргі мектеп оқушылары қандай деп ойлайсыз? Көп жағдайда бұл дамуға ұмтылатын, білімге құштар жастар ма, әлде керісінше ме?
— Әр ұрпақтың өзіндік ерекшеліктері бар. Қазіргі мектеп оқушылары технологиялық, әлеуметтік , білім беру контекстінің өзгеруіне байланысты көптеген критерийлер бойынша алдыңғы ұрпақтардан ерекшеленеді. Оларға жаңа технологиялар қолжетімді, қазіргі заманғы жеке мектептерде оқуға мүмкіндік бар. Заманауи технологияларды қолдана отырып, әр түрлі пәндерді тереңдетіп оқуға мүмкіндік бар. Жалпы, қазіргі оқушылар жоғары технологиялық сауаттылықпен, әлеуметтік санамен және психикалық денсаулықты қолдау қажеттілігімен ерекшеленеді. Бұл ерекшеліктер балалардың сәтті дамуы мен әлеуеттерін арттыру үшін білім мен тәрбие беру әдістеріне бейімделуді талап етеді.
— Тәрбиешілер мен ата-аналар өз оқушылары мен балаларын дұрыс бағытта тәрбиелеу үшін бірінші кезекте не нәрсеге назар аударуы керек?
— Балалар мен оқушыларды дұрыс тәрбиелеу үшін мұғалімдер мен ата-аналар үйде және мектепте қолайлы климат маңызды екенін білуі керек. Ол — эмоционалды әл-ауқат және психикалық денсаулық. Қолдау және түсіну. Балалар өз ойларын, эмоцияларын және сезімдерін қорықпай білдіре алатын және үнемі қолдау ала алатын қауіпсіз орта қалыптастырыңыз. Балаларға психологиялық көмекқолжетімді болуы тиіс. Стресс, мазасыздық және басқа да психикалық мәселелерін шешу үшін мектеп психологтарының қолдауы қажет. Болашақтарының жарқын болуы үшін балалар ақпаратты талдай білуі керек. Сондықтан оларды шынайы ақпарат пен жалған ақпаратты ажырата білуге, деректерді тексеруге үйретуіміз қажет. Бала бойында қызығушылық пен тәуелсіз пікірді дамыта отырып, өз бетінше сұрақтар қоюға және жауап іздеуге шақырыңыз. Егер біз ересектер бұған назар аударып, балаларымызды осыған баулысақ, онда олардың тәрбиелі, білімді әрі табысты болары сөзсіз.
— Сіз көп жылдар бойы балалармен жұмыс істеп келесіз. Оларды отансүйгіштікке, жауапкершілікке және әділеттілікке үйрету жолдарын білетін шығарсыз…
— Бұл қасиеттерді үйрету үшін, ата-ана алдымен өздері үлгі көрсетсін. Мысалы, кейбір отбасылар қазақ бола тұра мемлекеттік тілде сөйлемейді немесе тілді білсе де балаларымен басқа тілде сөйлеседі. Себебі, олар кезінде бала тәрбиесінде маңызды тұстарды жіберіп алған. Ол дегеніміз баланың нағыз ой-өрісі қалыптасатын кезеңде тәрбиені әке-шешесінен емес ұялы телефоннан алған. Орысша немесе одан да басқа тілдерде мультфильмдер және т.с.с. Тиісінше мектепке барған кезде, қазақша білім бағдарламаларын түсінбейді, үлгерімі нашарлайды. Сосын ата-анасы оны орысша сыныпқа ауыстырады. Мысалы мен өзім ағылшын тілі пәнінің мұғалімімін. Бірақ оқушыларыма үнемі, өзге тілдің бәрін білген дұрыс әрине, дегенмен өз тілдерін құрметтеулері керек екенін айтып отырамын. Өйткені, патриоттықтың бастауы бірінші кезекте ана тіліңді білуден басталады. Осы тұста, Мұстафа Шоқайдың мынадай керемет сөзі бар: «Балаға қай тілде білім берсең, түбі сол ұлтқа қызмет етеді». Сондықтан, патриотизм, отанға деген махаббат пен қамқорлық осыдан басталады деп ойлаймын. Егер осыны әр ата-ана мұны түсініп, балаларын рухани азықтандырса олар нағыз патриот болып өседі.
— Бүгін біздің қоғамда балаларымыздың игілігі үшін нені өзгерту керек?
— Егер біз қоғамда балалардың игілігі үшін бір нәрсені өзгерткіміз келсе, онда өзімізден бастау керек. Қай-қайсымызға болса да, шынайы әрі адал болу маңызды. Кәсіби міндетімізді адал атқару, отбасыңмен және айналаңдағылармен шынайы болу. Қоғам өзгеру керек. Балалар ересектердің бойынан патриотизмді, білімділікті, еңбекқорлықты, тәртіпті және басқа да ең жақсы қасиеттерді көргенде, олар үлкендермен тең болуға, оларға ұқсауға тырысады. Қоғамда қандай да бір әділетсіздікті көргенде, олар не болып жатқанын түсініп, баға бере алатын болады. Сондықтан біз бүгін не ексек, ертең соны орамыз.